Спорт

Петропалда шаңғы жарысынан ел кубогы өтті

Спортты жанына серік еткен жастар үшін солтүстіктегі қытымыр қыстың аязы түк те емес. Өткен сенбі күні сондай ауа райына қарамастан Борки кентінде шаңғы жарысынан ҚР кубогы өтті. 100-ден аса шаңғышының басын қосқан додаға еліміздің түкпір-түкпірінен спортшылар жиналды. Мұндай сайыстардың бірін де қалыс қалдырмайтын қаланың құрметті азаматы Бауыржан Құлжанов теріскейде шаңғы спорты қарқынды дамып келеді дейді.

БАУЫРЖАН ҚҰЛЖАНОВ, Петропавл қаласының құрметті азаматы:

– Соңғы жылдары облысымызда қысқы спорт түрінің деңгейі өсіп келе жатыр. Биатлон өтті. Одан қалды параолимпиада жырысының Ербол Хамитов сияқты қатысушылары осы жерде шұғылданып өскен. Өңір аудандарында да қарқын жақсы. Аққайың ауданында бұл жарыс Кеңес Одағы кезінде де болған. Есіл ауданының Явленка ауылында да солай.

Айта кетейік, өңірімізде шаңғыдан мұндай ауқымдағы жарыс тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Сайыс қатысушылары 3 жас санаты бойынша сынға түседі. Бәсі биік додаға ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Александар Ткачук төрешілік етті.

АЛЕКСАНДР ТКАЧУК, ҚР шаңғы жарысынан жаттықтырушысы:

– Бүгін еліміздегі ең мықты шаңғышылардың басы қосылды. Солтүстік Қазақстан – қысқы спорт түрлерін өткізетін бірден бір қолайлы өңір. Бұл жақтан небір мықты спортшылар да шығып жатыр. Оларды көріп, танып жүрміз. Ал бүгінгі жарыста қатысушылар 3 жас санаты бойынша күш сынасады. Ер адамдар 15 шақырым, ал нәзікжандылар 10 шақырым қашықтықты жүріп өтулері керек.

Шаңғы спорты ашық аспан астында, таза ауда өтетіндіктен адам денсаулығына аса пайдалы. Айдар Тұрғынбай спорттың бұл түрімен 6 жылдан бері айналысып жүр екен. Петропавлдық спортшы республикалық жарыста үздік атанып, халықаралық кезеңге өтуге ниетті.

АЙДАР ТҰРҒЫНБАЙ, жарысқа қатысушы, Петропавл:

– Бұған дейін көп жарыстарға қатыстым. Қазақстан Кубогына, Щучинскіде өткен сайыстарда бой көрсеткенмін. Облыста бірнеше дүркін чемпион болдым. Бұл жарысқа 2 апта бойы дайындалдым. Жеңіске жету үшін барымды саламын.

Жалпы, біріншілік қос күнге созылды. Жарыс нәтижесі бойынша ересектер арасында бірінші орынға Ақмола облысының шаңғышылары тұрақтап отыр. Ал жастар мен жасөспірімдер арасында Қостанай, Абай, Ақмола облысы мен Астана қаласының спортшылары үздіктердің қатарында. Жеңіс тұғырынан көрінгендер Скандинавияда өтетін әлем кубогында ел намысын қорғайтын болады.

 

Ақжүніс Мұқатай