Қоғам

Тоғызқұмалақтан облыстық чемпионат өтті

Қызылжарда қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақтан облыстық чемпионат өтіп жатыр. Дода 2 күнге созылады. Оған 14 пен 21 жас аралығындағы 80-ге жуық адам қатысуда. Айнұр Қаирбекова тоғызқұмалақпен 7 жыл айналысады. Жеті жылдың ішінде біраз жетістікке жеткен.

АЙНҰР ҚАИРБЕКОВА, жарысқа қатысушы, Шал ақын ауданы:

– Екі адам ойнайды ойынды. Бір адам 82 домалақ жинау керек қазандыққа. Көкшетау қаласына бардым екі рет. Сосын 3-ші орынға үміткер болдым. Бірақта, финалға өте алмай қалдым. Павлодар қаласына барып мектеп лигасынан 2-ші орын алдым. Тараз қаласында 111 адамның ішінен 1-ші орын алған болатынмын.

Сәбина Сәден тоғызқұмалақты мектептегі үйірмеде үйренген. Айтуынша, бұл ойын түрі адамның ойлау қабілетін арттырады.

СӘБИНА СӘДЕН, жарысқа қатысушы, Шал ақын ауданы:

– Осы ойын өзіме қатты ұнайды. Математика, арифметика барлығын қолданамыз және бізге уақыт береді. Сол уақыттың ішінде ойынды аяқтап, ұтуға тырысамыз.

Тоғызқұмалаққа қызығатын жастар жетерлік. Өңірде осы ұлттық спортқа ден қоюшылар көбейіп келеді дейді жарыстың бас төрешісі Марат Ақаев.

МАРАТ АҚАЕВ, жарыстың бас төрешісі:

– Солтүстік Қазақстанда тоғызқұмалақ оңды дамып келе жатыр. Айта кетсек, желтоқсан айында Петропавл қаласында тоғызқұмалақтан республикалық жарыс болды және Шал ақын ауданынан біздің чемпион қызымыз шықты, аты – Сәния Зекенова.

Республикалық чемпионат алдағы уақытта Өскемен қаласында өтеді. Оған облыстан 16 қатысушы барады.

 

Мәдина Қаби