Денсаулық сақтау

Перинаталдық орталықта ерте араласу орталығы ашылды

Өңірде тағы бір су жаңа нысан халық игілігіне тапсырылды. Бүгін облыстық перзентханада “Қамқорлық” ерте араласу орталығының салтанатты ашылуы өтті. «Самұрық-Қазына» АҚ мен “Қазақстан халқына” қорларының әріптестігі аясында іске асырылып отырған мекеме 3 жасқа дейінгі 600 ерекше баланы қабылдауға қауқарлы.

РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Құттықтау сөздер айтылып болғаннан кейін, салтанатты түрде таспа қиылды. Әрі қарай «Самұрық-Қазына» қоры бас директорының орынбасары Досбол Көшербаев пен “Қазақстан халқына” қорының өкілі Серікбек Елшібеков бастаған топ нысанмен таныса бастады. Мұнда балалармен невропатолог, оңалту дәрігерлері, психолог, логопед және терапевт мамандар жұмыс істейді. Мәселен, эрготерапевт кабинетінде балаға дұрыс жүріп-тұру ережелері түсіндіріліп, қоғамға оңай бейімделуді үйретеді.

ТАТЬЯНА РАМАНЦОВА, “Қамқорлық” ерте араласу оралығының эрготерапевт маманы:

– Эрготерапия әдісі – баланың өзіне-өзі қызмет ету дағдыларын дамытуға арналған жаттығулар топтамасымен жұмыс істеу. Арнайы жаттығуға анасы мен баласы бірге қатыстырылады. Бала тым кішкентай болса анасына оны киіндіруді, дұрыс ұстауды көрсетеміз. Сәл есейген бала болса тісін тазалауды, киімін өз бетінше киіп, тамақ ішуге және тағы да басқа қарапайым іс-әрекеттерге дағдыландырамыз.

Балаларға арналған мекеменің іші жарық әрі кең. Орталықта церебралды сал ауруы, шала туу, дамуында туа біткен ақаулықтары бар және Даун синдромы сияқты басқа да дертке шалдыққан шақалақтар оңалтудан өтеді. Тиімді әрі заманауи технологиялар да ұсынылған. Мысалы, механотерапия, емдік-дене шынықтыру залы, иммерсиялық ванна мен тұз бөлмелері бар.

ЕЛЕНА КАЛЮЖНАЯ,облыстық перинаталдық орталықтың директоры:

– Орталықтағы әр кабинет функцоналды. Тіпті холда тренажерлық велосипеттер бар. Бала қорықпай, өзін барынша еркін сезінуге барлық жағдай жасалған. Мамандар әрбір нәрестемен жеке айналысып, қоғамға бейімдеу бағытында қызмет көрсетеді. Әзірге, 7 маман жұмыс істейді. Алдағы уақытта қатарларын толтырамыз.

Жалпы, «Самұрық-Қазына» қоры 2020 жылдан бері ерекше балаларды оңалтудан өткізетін орталықтарға қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Бүгінге дейін 15 оңалту, 16 ерте араласу және аутизмі бар балаларға арналған 5 орталықтың тұсауы кесілген. Нәтижесінде,40 мыңға жуық бала оңалтудан өтіп үлгерді.

 

Ақжүніс Мұқатай