Қоғам

Өңірлік кадр резерві жасақталады

Қазақстанда бұған дейін республикалық кадр резерві құрылса, енді өңірлік топ жасақталады. Яғни, қатарының алды болып жүрген қыз-жігіттердің басы топтасады. Іріктеу ағымдағы жылдың 1 наурызында басталмақ. Бұл жайлы арнайы ұйымдастырылған брифингіде айтылды.

ДУЛАТ ТАЙШАБАЙ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді және 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар ҚР азаматтары қатыса алады.

Іріктеу 5 кезеңнен тұрмақ. Алғашқысы наурыздың 31-ші жұлдызына дейін жалғасады. Мұнда үміткерлерден құжаттар қабылданады.

ДУЛАТ ТАЙШАБАЙ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Кандидаттар құжаттарды onir.pkrezerv.gov.kz сайтында тапсыра алады. Қажетті құжаттар тізімі: ҚР азаматының жеке куәлігінің немесе паспортының көшірмесі; білім туралы құжаттардың және оларға қосымшалардың көшірмелері, еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі, өңірлік резервке кандидаттың қызметтік тізімі және түрлі түсті фотосурет.

5 кезеңде кадр комиссиясының отырысы өтеді. Оның қорытындысы бойынша жолы болған жастардың тізімі бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда, сондай-ақ, онлайн-платформада жарияланатын болады. Жалпы, іріктеу маусым айының ортасында аяқталады.

 

Байболат Құлтанов