Қоғам

Көшелерді қардан тазалау бойынша кесте әзірленіп жатыр

ГҮЛДЕН СЕМБАЕВА, тілші:

– Биыл Петропавлға көп мөлшерде қар түсті. Осыған байланысты коммуналдық қызметкерлер күнделікті қала көшелеріне шығып, жолдарды ақ ұлпадан тазалайды. Бүгінге дейін шаһардан 400 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Сағат түнгі 10. Украинская көшесі. Жол тазалаушылар Жұмысшы кентінде жүр. Жауапты мердігер – «Грандо» серіктестігі. Кәсіпорынға 11 бағыт белгіленген. Иелігінде 40 техника бар.

СЕРІК ИБРАЕВ, «Грандо» ЖШС директорының орынбасары:

– Жұмыс кешкі 9-дан таңғы 6-ға дейін жүреді. Көлік қозғалысына кедергі келтірмес үшін күндіз шықпаймыз. Күн сайын полигонға шамамен 5 мың текше метр қар шығарамыз.

Облыс орталығын қардан тазалауға барлығы – 120-дан астам техника мен 200-ге жуық адам тартылған.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Үйдің алдындағы қарды тегін шығаратын болады. Жақын арада көшелердегі қарды шығару бойынша график жарияланатын болады. Тұрғындар ауладағы қарды көшеге шығарады. Кейін коммуналдық қызметкерлер тегін түрде алып кетеді. Заңға сәйкес көпқабатты тұрғын үйлермен кәсіпкерлер өз аулаларындағы және төбедегі қарды өз қаражаттарына шығаруы тиіс.

Негізі, қалада қар тазалау 9 бағытта жүргізіледі. Жиналған ақ ұлпа қала сыртындағы полигонға төгіледі.

 

Гүлден Сембаева