Мәдениет

Қазақ театрында – премьера

Қызылжарға Қазақстанның ең жас режиссерлерінің бірі Әлібек Өмірбекұлы келді. Ол С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында «12 минут («Треплев ертегісі») атты спектакль қойды.

Пьеса барысын қысқаша баяндай кетейік. Бұл Антон Чеховтың «Шағала» пьесасының желісі бойынша сахналанып отыр. Жұмат Шанин – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер. Спектакльде тарихи тұлғаның өмір жолы көрсетілген.

ЖӘМІЛ ҚАЙРАТҰЛЫ, қойылымның қосымша авторы:

– Спектакль Жұмат Шаниннің 1936 жылғы «Қыз Жібек» операсының апаруы жайлы. Яғни, сол Мәскеуде өткен онкүндік декадада Жұмат Шанин өзінің операсын сахналап, барша Мәскеу жұртын, ұлы Станиславский болсын, Чеховты болсын таң қалдырған болатын.

Жұмат Шанин Т.Жүргенов, С.Сейфуллин және басқа да достарымен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігі аясында Ресейге барады. Жанында жұбайы да болған. Бірақ, жолда 1 жасқа да толмаған баласы суық тиіп, қайтып кетеді. Содан қойылымға 12 минутқа кешігіп барады. Бұны байқап қалған Сталин мен оның жақтастары бірінші басшыға қастандық жасағылары келді деп жала жапқан. Қойылым қойылады, жоғары бағасын алады, бірақ билік соңдарына түседі.

ЖӘМІЛ ҚАЙРАТҰЛЫ, қойылымның қосымша авторы:

– Оларды 1938 жылы репрессияға ұшыраған уақытта Жұмат Шанинді Алматы қаласынан ұстап, абақтыда 5-6 ай қинаған болатын. Сөйтіп, С.Сейфуллин және Т.Жүргенов үшеуінің де сөздері бір жерден шығып, ақыры соңында Сталинге қастандық жасағандарын мойындады. Алайда, өздеріңіз түсініп тұрғандарыңыздай, оларды сол сөзді айтуға мәжбүрлеген болатын.

Шамалы уақытқа кешіккендерін желеу етіп жазықсыз айыптап, ақыры өлім жазасына кесіледі. Жалпы, қойылым қалың көрерменге жол тартпас бұрын ұзақ уақыт бойы өңдеуден өткен.

ӘЛІБЕК ӨМІРБЕКҰЛЫ, режиссер:

– 3 ай болды осы қойылымға дайындық жасап жүргенімізге. Біз қараша айынан бастағанбыз. Қазір енді 4-ші ай болып тұр. Жарты жыл бұрын актерлерге барлық тапсырмалар берілген болатын. Онлайн түрде жұмыс істедік. Толықтай айтсақ, жарты жыл бойы дайындалдық. Былай жалпылай айтқанда 4 жылдан астам осы спектакльге дайындалдым. Соңғы үш жылдың ішінде бұл – жетінші спектаклім.

Қоса кетейік, спектакль бұдан кейін алматылықтарға ұсынылады.

 

Мәдина Қаби