Денсаулық сақтау

Тегін дәріге қол жеткізе алмай келе жатыр

Юлия Хайдобина 2020 жылдан бері онкология дертімен күресіп келеді. Нәзікжандыға сүт безінің қатерлі ісігі деген диагноз қойылған. Тиісті сәулелі терапия алғаннан кейін денсаулығы оңала бастапты. Жағдайды бір қалыпта ұстау үшін ақхалаттылар ісікке қарсы гормоналды “Диферелин” препаратын тағайындаған.

ЮЛИЯ ХАЙДОБИНА:

– Бұл дәрі репродуктивті жастағы әйелдерге арналған. Ісікке қарсы препараттар көп жағдайда гормонға тәуелді болып келеді. Бұл дәрі метастазаның жайылып кетуінің алдын алады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №75 бұйрығына сәйкес бұл дәрі тегін берілуі керек. Бірақ, өткен жылдың соңында енгізілген өзгерістер бойынша тізімнен алынып тасталған. Содан бері Юлия Хайдобинаның қолы бұл дәріге жетпей келеді.

ЮЛИЯ ХАЙДОБИНА:

– Өзгеріс пен реттеулерден кейін бізде айтарлықтай қиындықтар туындады. Препарат болған күннің өзінде бізге бермеді. Емдеу құжаттары бойынша біздің толық құқығымыз бар. Қанша жүгіріп дәлелдеп көруге тырыссақ та қол жеткізе алмай келе жатырмыз.

Юлия Хайдобина “Диферелинді” өздігінен сатып ала алмайды, өйткені, ол қаладағы дәріханаларда жоқ. Әрі дәрінің бағасы да арзан емес. Қажетті дозаның бағасы шамамен 160 мың теңгені құрайды. МТРК редакциясы Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдады. Хатта дәрі-дәрмекті тоқтатудың себебін сұрадық, алайда кері байланыс ала алмадық. Мәселені шешуге Парламент Сенатының депутаты Әсем Рахметова да білек сыбана кіріскен еді. Ол бұл сұрақты Сенат отырысында көтерген екен. Нәтиже бар. Препарат қайтадан тізім қатарына қосылмақ. Министрліктегілер түйткіл жүйедегі ақаулықтан туындаған деп түсіндірген. Осы орайда айта кетейік, қазіргі таңда облыстық онкологиялық диспансерде сүт безінің қатерлі ісігі бойынша 2 276 азаматша есепте тұр.

 

Ақжүніс Мұқатай