Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Франция елшісімен кездесті

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Франция елінің делегациясын қабылдады. Кездесу барысында өңір басшысы екі ел арасында жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар мен ерекше достық қарым-қатынас орнағанын атап өтті. Франция елі мен СҚО арасында сыртқы сауда байланыстары дамыған. Өткен жылы Франция мен СҚО арасындағы тауар айналым құны 3 млн 200 000 долларды құраған. Облыс әкімі Франция делегациясына өзге салалар бойынша да қарым-қатынасты дамытуға ашық екенін жеткізді.

Ғауез Нұрмұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрметті Каннес мырза, “Қызылжар” экономикалық аймағында сіздердің өндірістеріңізді орналастыруға дайынбыз. Сонымен қатар, сіздерді және Франция бизнес өкілдерін ақпанның 16-сы өтетін “Қызылжар Investment” халықаралық инвестициялық форумына қатысуға шақырамыз. Форумда екі ел арасындағы қарым-қатынас мәселелері талқыланады.

Кездесу барысында Франция елшісі Дидье Канесс Қазақстанда француз тілін тереңірек оқытатын мектептер ашу жоспарда барын айтты. Ол үшін мектептерде француз тілін оқытуға қолдау білдіруге ниетті. Сонымен қатар, ауыл шаруашылық саласын дамытуда да тиімді қарым-қатынас орнатудың маңыздылығына тоқталды.

Дидье Канесс, Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

– Францияда ауыл шаруашылық саласы жақсы дамыған. Біз егін өсіру, мал шаруашылығы салаларын дамытудың озық технологияларын ұсына аламыз. Біз Қазақстанмен экономикалық қарым-қатынасты дамыту арқылы ауыл шаруашылық саласын жаңғыртып, егін өнімділігін жоғарылатуға септесе аламыз.

СҚО мен Франция арасында медицина саласы бойынша тығыз қарым-қатынас орнаған. Күні кеше Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасында телемедицина аппараты орнатылды. Құрал-жабдық Франция елінен әкелінген. Енді тұрғындар облыс орталығына бармай білікті мамандардың кеңесті телемедицина аппараты арқылы ала алады.

Жером Суастье, «C3Medical» компаниясның өкілі:

– Бұл жобаның мақсаты – ауылдық жерлерде тұратын тұрғындар үшін қажетті мамандарға медициналық кеңестің қолжетімді болуы. Яғни ауыл тұрғындары аудан немесе Петропавл қаласындағы білікті дәрігерлердің қабылдауында болуын телемедицина құрылғысы арқылы қол жеткізу.

Алдағы уақытта облыстың 16 елді мекенінде телемедициналық кешендерді орнату жоспарланған. Кездесу соңында екі жақ өкілдері Қазақстан мен Франция арасында өзге де салалар мен жобалардың сәтті жүзеге асырылуына сенімдерін білдірді.