Аптадағы маңызды жаңалықтарДенсаулық сақтауҚоғам

Қалалық және аудандық ұйымдарға 19 жедел жәрдем көлігі берілді

Өңірдің автопаркі 19 жедел жәрдем көлігімен толықты. Олар қалалық және аудандық медициналық ұйымдарға таратылды. Алыстан көз тартар су жаңа темір тұлпарларды аймақ басшысы арнайы келіп көрді. Таныспас бұрын көлік кілтін салтанатты түрде табыстады.

Көліктер жергілікті және республикалық қазынадан бөлінген қаржыға алынып отыр. Олармен облыс әкімі жіті танысты. Мүмкіндіктерін білді. Игі дәстүр жалғасын табады. Алдағы уақытта автопарк тағы толықпақ.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Алынған 19 көліктің 10-ы облыс орталығында қалады. Қалғаны аудандарға таратылады. Биыл да жедел жәрдем көліктерін сатып аламыз. Бұған жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылады. Бұдан бөлек, емдеу мекемелерін заманауи қондырғылармен жабдықтаймыз.

Салтанатты түрде табысталған қызметтік көліктердің 4-еуі жедел медициналық көмек көрсету орталығына берілді. Осылайша, орталықта тапшылық мәселесі толығымен шешілді.

ЮРИЙ БЕЛОНОГ, СҚО жедел медициналық көмек көрсету орталығының директоры:

– Көліктер қажетті медициналық қондырғылармен жабдықталған. Олардың көмегімен өкпені жасанды желдетуге, жүрекке массаж жасауға болады. Яғни, ауруханаға жеткенше дейін науқасқа көмектесуге мүмкіндік бар. Мен су жаңа темір тұлпарлар жедел әрі сапалы жұмыс істейді деп сеніммен айта аламын.

Көліктердің жағдайына білікті дәрігер ғана емес, жүргізушілер де жоғары баға беріп отыр. Олар 4 дөңгелегі де айналатын темір тұлпарлармен оппа қардың өзінде науқасқа жылдам жетпек.

ДӘУЛЕТ ҒАБДУЛЛИН, жедел жәрдем жүргізушісі:

– Машина өте жақсы. Іші жылы, жанымда отыратын маманның да орны ыңғайлы. Көлік қардан оңай өтеді.

Өңірге жеткізілген әр көліктің құны 20 млн теңгедеген жоғары. Қазір бейінді басқарма келесі партияға дайындалып жатыр.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Өңірге әлі 52 көлік қажет. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Тиісті есептеулер жүргізіп, өз тарапымыздан ұсыныс білдіреміз. Зауыттармен де келіссөздер басталды. Сатып алу процесінде өндіріс орындарының да мүмкіндігі ескерілетінін білу қажет.

Қоса кетейік, өңірде жедел жәрдем көліктерінің тозуы 44 пайызды құрайды.

 

Байболат Құлтанов