Аптадағы маңызды жаңалықтарДенсаулық сақтау

СҚО-да телемедицинаны дамыту жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды

Өңірге жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният келді. Еліміздің бас дәрігері ең алдымен облыстық көпбейінді ауруханада болып, мүмкіншілігімен танысты. Өзіміз жақсы білетіндей, емдеу мекемесі бірқатар заман игілігімен жабдықталған. Олардың көмегімен дәрігерлер халыққа қол ұшын созып отыр. Бірнеше кабинетке бас сұққан ведомство басшысы жергілікті әріптестеріне сәттілік тілеп, теріскейліктерге мұндай жаңашылдықтың бары мен мүмкіндігін тұрақты түрде хабарлауды және науқастарды орталыққа жедел жеткізу жайын пысықтауды тапсырды.

Қуанышымызға орай, енді солтүстікқазақстандық дәрігерлердің мүмкіндігі одан сайын артады. Денсаулық сақтау министрінің сапары аясында жергілікті мамандарға телемедицинаны дамыту жөніндегі пилоттық жоба таныстырылды. Аты айтып тұрғандай, тың бастама өңір ішіндегі аудан орталығында немесе ауылда ем алып жатқан науқасқа қашықтықтан көмек көрсетуге негізделген және ол біздің облыста бірінші боп қолға алынып отыр.

АЖАР ҒИНИЯТ, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Бұл облыс бекерден-бекер таңдалған жоқ. Бүгінде тұтас ел тұрғындарының 40 пайызы ауылда тұрса, СҚО-дағы халықтың 70 пайызы ауылда тұрады. Ауыл саны ең көп облыс деуге толық негіз бар. Біз барлық тұрғынды медициналық көмекпен қамтамасыз етуіміз керек.

Телемедицина – ауылды жерде дәрігер тапшылығына байланысты қолға алынған жоба. Бастама денсаулық сақтау саласында тәжірибесі бар франциялық компанияның қолдауымен жүзеге асты. Жаңашылдық өңірде жан-жақты сыналады. Егер өзін жақсы қырынан танытса, өзге аймақтарға таратылмақ.

АЖАР ҒИНИЯТ, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Бұдан басқа, француз әріптестерімізбен онкология, реабилитациялық көмек және мамандарымызды оқыту жағынан көп жобаға қол жеткіздік.

ДИДЬЕ КАНЕСС, Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

– Қазір Франция телемедицина саласында көшбасшы орында тұр. Біз бұл жетістікке қалай жеттік? Францияда Қазақстандағы сияқты ауылды жерлерде дәрігер тапшы. Осыған байланысты инновациялық жоба өмірге келді. Бүгінде өз жемісін беруде. Төл туындымыз Қазақстанға көмегін тигізеді деген сенімдемін.

Облыс орталығында негізі қаланған заманауи аурухананың құрылысы тоқтап тұрғаны белгілі. Сұхбат барысында тілшілер Денсаулық сақтау министрінен осы жайлы сұрады.

АЖАР ҒИНИЯТ, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Құрылыстың жүргізілуіне байланысты әкімшілік құжаттарды дайындап жатыр. Іс аяқталғасын тиісті жұмыс басталады.

Арнайы ұйымдастырылған жиын соңында аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов жобаны жүзеге асырған қос тарапқа алғысын білдірді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ем алушылардың барлығы бірдей облыс орталығына келіп, мамандарға жүгіне алмайды. Менің ойымша, бүгін таныстырылған жоба – біздер үшін үлкен жетістік, зор қолдау. Денсаулық сақтау министрлігіне, жаңашылдықты Қазақстанға, оның ішінде біздің өңірге әкелген франциялық компанияға жеке өзімнің және аймақ тұрғындарының атынан алғыс білдіремін.

Қоса кетейік, өңірімізде қолға алынған тың жоба Франция Президентінің Қазақстанға жасаған былтырғы жұмыс сапарының қорытындысы бойынша жүзеге асып отыр. Жалпы, тараптар медицина саласында 11 бастаманы жүзеге асырмақ.

 

Байболат Құлтанов