Денсаулық сақтау

Облыстық онкологиялық диспансерде кезекті ашық есік күні өтті

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде. Бұл сөз бұрыннан айтылып жүргенімен түпкі мәнін түсінетін жанның қарасы аз еді дейді ақхалаттылар. Ал қазір жағдай сәл оңалғанға ұқсайды. Оған өткен сенбі күні облыстық онкологиялық диспансерде өткен ашық есік күнін мысал етіп көрсетуге болады. Кезек күтіп отырғандардың дені профилактика үшін келген.

РОЗА ЖҰМАЛИНА, қала тұрғыны:

– Бұл емханадағы дәрігерлер өте-мөте жақсы. Қарым-қатынастарына көңілім толады. Өте сыпайы. Жұмыстарын жақсы атқарады. Сондықтан, мен жылына 3-4 рет тексерілуге келіп тұрамын.

Емханадағы іс-шара барысында қос онко-гинеколог дәрігер жұмыс істеді. Таңғы 9 бен 11-дің арасында 60-қа жуық нәзікжандыны қабылдап үлгеріпті. Кейбірінен ісікке дейінгі дерт түрі анықталған. Алдағы уақытта олардан қажетті талдау нәтижелері алынып, ем-дом шаралары жүргізілетін болады дейді онко-гинеколог Ольга Краснопевцева.

ОЛЬГА КРАСНОПЕВЦЕВА, облыстық онкологиялық диспансердің онко-гинекологы:

– Қабылдау жұмысы әлі жүріп жатыр. Талдаулардың нәтижесін айтуға әлі ерте. Әйел адамдардың уақытында қаралуы ауруды ерте кезеңінде анықтауға және оның басқа органдарға метастаз беру мүмкіндігін болдырмауға ықпал етеді. Ал биопсия диагнозды нақтылауға көмектеседі. Егер жатырдың қатерлі ісігі бастапқы сатысында анықталса, сәулелік терапия, химиотерапия мен гормондық терапия арқылы емдеуге болады.

Қатерлі дерт жас таңдамайды. Қазір денсаулыққа бейжай қарайтын қаншама жанның демі қас-қағым сәтте үзіліп жатыр. Бұл тұста дәрігерлердің де білімділігі мен мұқияттылғын тілге тиек етіп өтпесек болмас. Жалпы, облыстық онкологиялық диспансерде ашық есік күні жылына 3-4 мәрте ұйымдастырылады. Соңғы өткізілген шарада 2 теріскейліктен қауіпті дерт анықталыпты.

 

Ақжүніс Мұқатай