Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау министрі Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасына барды

Телемедицина құрылғысы Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының қабырғасында таныстырылды. Мына құрал-жабдық Франция елінен әкелінген. Мұндай заманауи технология қазір өңіріміздегі 16 ауруханада бар.

ЖЕРОМ СУАСТЬЕ, франциялық компания өкілі:

– Жабдық пациенттерге консультация алуға және облыстық немесе ауданаралық емдеу мекемесіндегі дәрігердің қабылдауына жазылуға мүмкіндік береді. Жүйеге ультрадыбыстық сенсор, ЭКГ, ЛОР ағзаларын қарауға арналған камера және теріні зерттейтін аппаратура қосылған.

Телемедицина науқастардың жолға кететін уақытын үнемдейді.
Бұл дәрігерлердің жұмысын да жеңілдетеді. “Қалалар мен ауылдардағы медицина сапасы жыл сайын жаңа деңгейге көтерілуі керек”,- дейді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният. Елімізде жер-жерден жас мамандарды тарту үшін түрлі жобалар іске асырылуда. Соның бірі – ауылға баратын дәрігерлерге берілетін 8,5 млн теңге көлеміндегі біржолғы көтермеақы.

АЖАР ҒИНИЯТ, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Өткен жылы ғана Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасымен резидентураға гранттарды көбейтті. Біз оны 3,5 мыңға жеткіземіз. Биылдан бастап министрліктен бағытталған 2,5 мың грантты халық санына қарай бөліп, әкімдерге беруді ұйғардық.

Тайыншадағы ауруханада 14 бос орын бар. Былтыр көпбейінді ауруханаға күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Ұлттық жоба аясында нысанның 3 бірдей қабатында есіктер ауыстырылып, нысанның төбесі мен қабырғалары жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа 580 млн теңге қаражат жұмсалды.

МАҚСАТ ҚҰДРАТУЛЛАЕВ, Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының директоры:

– 2023-ші жылы 2-ші қабаттағы перзентхана бөліміне жөндеу жұмысы жүргізілді. 3-ші қабатта неврология бөлімшесі де жөндеу көрді. Науқастарымыз сол жаңартылған бөлімшеде көмектерін алып жатыр. 2:15/ Біз 5-ші қабаттағы реанимацияны 1-ші қабатқа түсіреміз деп шешім қабылдадық.

Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасында алдағы уақытта бірнеше бөлімше ашылады. Мамандар 40 мыңға жуық тайыншалыққа қызмет көрсетсе, биыл Ақжар және Уәлиханов аудандарының 30 мыңнан астам тұрғынын қабылдамақ.

 

Гүлден Сембаева