Экономика және қаржы

ҚР қазынашылық жүйесіне – 30 жыл

2024 – мерекеге толы жыл деуге толық негіз бар. Биыл бірсыпыра тарихи тұлғаның мерейтойымен қатар, мемлекеттік органдардың құрылғанын атап өтеміз. Солардың ішінде еліміздің қазынашылық жүйесі де бар.

АСҚАП САҚЫПКЕРЕЕВ, СҚО бойынша қазынашылық департаментінің басшысы:

– Биыл ҚР қазынашылық жүйесінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Құрылуға не себеп болды? 90-шы жылдары экономиканы тұрақтандыру, елдегі ақша айналымын бақылау мен айналымдағы есепті қамтамасыз ету үшін жаңа қаржы институты керек болды. Осылайша, 1994 жылы Қаржы министрлігі жанынан қазынашылық бас басқармасы құрылды.

Қиын-қыстау шақта қаржы саласы өкілдеріне жауапты міндет жүктелді. Олар сенімді ақтап, елді аяқтан тұрғызуға сүбелі үлес қосты. Бүгінде қазынашылық аумақтық органдары әр облыста, әр ауданда бар. Өңірдегі маман саны 100-ден асып жығылады.

АСҚАП САҚЫПКЕРЕЕВ, СҚО бойынша қазынашылық департаментінің басшысы:

– СҚО бойынша 135 қызметкер еңбек етеді. 205 жергілікті бюджетке қызмет көрсетеміз. Оның 190-ы – төртінші деңгейлі бюджет. 600-ден астам ұйым біздің клиент болып табылады.

Жұмыс ауқымды. Мамандар күніне 2 жарым мың қаржылық құжат өңдейді. Мұндай көлемді электрондық жүйесіз тындыру мүмкін емес. Өткен жылдың қараша айында департамент серверлік желіге да қосылыпты. Соның арқасында іс әжептәуір жеңілдеген.

АСҚАП САҚЫПКЕРЕЕВ, СҚО бойынша қазынашылық департаментінің басшысы:

– Ел бюджетін тиімді атқару – біздің басты міндет. Өңір тұрғындарын және әріптестерімді мерекемен құттықтаймын. Еліміз аман болсын!

 

Байболат Құлтанов