Мәдениет

“Қарлығаш” би ансамблі халықаралық байқаудан 1-ші орынмен оралды

“Қарлығаш” би ансамблі Қазақстанның намысын Ресейде қорғап келді. Көрші елде “Московское время” атты халықаралық байқау ұйымдастырылды. Солтүстікқазақстандық өнерпаздар өнер додасында 1-ші орынға ие болды.

Байқауға мың жарымнан астам адам қатысты дейді бишілер.
Соның ортасынан оза шауып бәйге алу оңай емес.
Теріскейлік таланттар мыңның арасында жеңіске жеткендеріне әлі де сене алар емес.

НҰРАЙ АСҚАРОВА, “Қарлығаш” би ансамблінің бишісі:

– Конкурсқа біз екі бимен бардық. Олар: «Северные картинки» халықаралық биі және «Сұлу қыздар» қазақ биі. Мен мұғалімдеріміздің үйреткендерін есіме түсіріп, қорықпай өнер көрсетіп шытым.

СОФИЯ ВДОВИНА, “Қарлығаш” би ансамблінің бишісі:

– Сайысқа биден ғана емес, вокалдан қатысқандар да болды. Біз байқауға тыңғылықты дайындалып бардық. Еңбек мен үміт ақталды.

Жеңімпаздарды жерлестері теміржол вокзалынан қарсы алды.
Өнерлі топты қала әкімі Серік Мұхамедиев арнайы келіп құттықтады.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, қала әкімі:

– Бұл жерде балаларға қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп жүрген жандар жайында ұмытуға болмайды. «Қарлығаш» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Галина Жумалееваның айтуынша Ресейде өнерлеріне тәнті болғандар аз болмаған.

ГАЛИНА ЖУМАЛЕЕВА, «Қарлығаш» би ансамблінің көркемдік жетекшісі:

– Ансамбль құрамында 21 адам барды. Барлығын бірдей ала алмадық. Екі күннің ішінде мың жарымнан аса баланың барлығы өнерлерін көрсетіп шықты. Біздің биіміз тамашалаған қазылар алқасы таңданыстарын жасырмады, мақтауларын төкті. Төккен теріміздің нәтижесін көріп бір марқайып қалдық.

Сөйтіп, Мәскеуді таң қалдырып қайтқан “Қарлығаш” ұжымы жазда Туапсе қаласында өтетін «Морская волна» байқауына қатысуға шақырту алған. Биші қыздар енді осы додаға қызу дайындыққа кіріседі.

 

Мәдина Қаби