Қоғам

Өңірге ҚР-дағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің жобалық үйлестірушісі келді

Өңірге жұмыс сапарымен ҚР-дағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің жобалық үйлестірушісі Снежана Попова келді. Ол алдымен Бескөл ауылында болып, бірлесе атқарылған жұмыстың қорытындысын көрді. Қызылжар ауданың орталығында Зульфия Тухватулина есімді азаматша тұрады. Белсенді нәзікжанды Еуропалық Одақтың 4 мың евро көлеміндегі грантын ұтып алып, ойындағысын жүзеге асырған және орталыққа қойған.

– За счет грант Европейского союза мы воплотили идею Зульфия Тухатулины. По установке беседок. 2 единицы.

Бірлесе атқарылған жұмыстың игілігін халық көруі тиіс. Бұл – басты талаптардың бірі. Еуропалық Одақ арқылы “Сұлтанғазин” жеке кәсіпкерлігі де алға басты. Ресімделген 2 млн 850 мың теңге көлеміндегі грант арқылы саудаға шығарылатын нанның көлемі артты.

Қазіргі таңда мұнда 13 адам жұмыс істейді. Кәсіпкер ас атасын әзірге Бескөл ауылында сатады. Алдағы уақытта өзге нарықтарға шығаруды жоспарлап отыр. Осыдан соң арнайы келген делегация былтыр ғана аудан орталығында ашылынған мүмкіндігі шектеулі жандардың демалыс орталығына барды. Бұл жерде 20-ға жуық спорт түрімен айналысуға болады.

МАРАТ НУБАЕВ, жеке кәсіпкер:

– Дойбы, тоғызқұмалақ, сондай-ақ, жарымжан жандарға арналғанның бәрі бар. Барлығы 3 данадан тұрады. Келем деушілерге есік ашық. Қазіргі таңда орталыққа 50-ге жуық адам келіп жүр.

Орталықта көз жанарынан айрылған жандар үстел теннисін ойнай алады. Қалай дейсіздер ғой? Адамдар шардың ішінен берілетін дыбысты естіп, бір-біріне бағыттайды. Жалпы, өңірге келген делегацияның мақсаты – бөлінген қаржының белгіленген мақсатқа жұмсалуына көз жеткізу.

СНЕЖАНА ПОПОВА, ҚР Еуропалық Одақ Өкілдігінің жобалық үйлестірушісі, Астана қаласы:

– Сонымен қатар, біздің мақсатымыз – жергілікті қоғамдастықты жинау және өзекті мәселелерді анықтап, талқылау. Өңірдегі жобаларды жүзеге асыруға екі үкіметтік емес ұйым тартылды. Бұл – осы жердегі – «Интегралдық Астана» және «Соңғы үміт». Іске асырылған бастамалар көңілімнен шықты.

Айта кетейік, былтыр Одақтың қолдауымен Бескөл ауылында 5 жоба іске асырылды. Оның 3-еуі – әлеуметтік, қалғаны – бизнес бағытында. Әрбір бастамаға 4 мың евро көлемінде қаржы бөлінді.

 

Гүлден Сембаева