Қоғам

“Ауылдың дамуы – елдің дамуы” жобасы қорытындыланды

“Ауылдың дамуы – елдің дамуы”. Петропавлда 3 жыл бұрын Еуропалық Одақпен бірлесіп қолға алынған жобаның жүзеге асырылуы қорытындыланды. Жоба аясында Айыртау, Қызылжар және Мамлют аудандарына жиынтық көлемі – 123 млн теңге бағытталған.
Бүгін қол жеткізген негізгі нәтижелер ортаға салынды. Мысалы, қоғамдастықтарды дамыту бойынша оқытудан 114 адам өткен. Оның 60-тан астамы – қыз-келіншектер. Бизнес туралы 80 адам білім алса, оның 15-і – нәзікжанды.

АСҚАР ХАБИБУЛЛИН, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

– Бұл жоба мақсатты қоғамдастықтарға жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерін жақсартуға және халқымыздың адами және экономикалық әлеуетін дамытуға көмектесті. Тұрақты даму мен демократияны қолдау үшін біз азаматтық қоғам мен жергілікті бизнесті нығайтуымыз керек.

Конференцияға қатысушылар шағын қалалар мен елді мекендердің дамуы жайлы сұрақ қойды. Соның бірі – Мамлют ауданы әкімінің көмекшісі Серік Бәкеев.

СЕРІК БӘКЕЕВ, Мамлют ауданы әкімінің көмекшісі:

– Алдыңғы жылдары Мамлюткаға 55 млн бөлсе, кейін 1 млрд-қа дейін бөлді. 1 жылдың ішінде қала оңалып қалды. Көше жолдары жөнделіп, жарықтандырылды. Орталықтағы нысандар да қалпына келтірілді. Тек бір мәселе бар. Ол – тұрғындардың көшуі. Жастар қалмай жатыр.

Жалпы, 2020-2022 жылдар аралығында жұмыс істеген жоба аясында облыста 5 әлеуметтік және 9 бизнес-жоба жүзеге асты.

 

Ақжүніс Мұқатай