Мәдениет

Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін тұлға

КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының белді мүшесі Зейнел-Ғаби Иманбаевтың дүниеге келгеніне 100 жыл толып отыр. Осыған орай облыс орталығында кезекті шара өтті. «Ауылдың жыры – таланттың сыры» атты әдеби кештің шымылдығы қаламы қарымды жазушының үн таспаға жазылған дауысын тыңдаудан басталды.

Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін тұлға! Зейнел-Ғаби Иманбаевтың жерлестері жазушыға осылай баға береді. Олар біртуар перзентті жұртшылыққа таныту мақсатында түрлі шара ұйымдастырып жүр. Қазіргі таңда қаламгердің шығармалары мен жеке заттары Шал ақын ауданындағы тарихи өлкетану музейінде көздің қарашығындай сақталған.

МАРЖАН ТАУШАРОВА, Шал ақын ауданы тарихи-өлкетану музейінің директоры:

– Жазушы ағамыздың 70 жылдығына арнайы мектепте мұражай ашылған болатын. 2009-шы жылы біздің мұражайға табыс етілді. 165 жәдігермен толықты. Барлығы – Зейнел-Ғаби Иманбаевтың жеке заттары. Оның қолжазбалары, 17 кітаптың 13-і біздің мұражайда тұр.

Жиынға Зейнел-Ғаби Иманбаевтың қыздары мен үзеңгілес қоғам белсенділері де ат салысты. Қаламы қарымды тұлға өзінің зеректігінің арқасында қиындықтарға мойымай, қазақ әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқанын айтуымыз қажет. Шалақындық Мұрат Құсайыновтың әкесі Зейнел-Ғаби Иманбаевпен тығыз араласыпты.

МҰРАТ ҚҰСАЙЫНОВ, Зейнел-Ғаби Иманбаевтың жерлесі:

– Ол кісі менің әкемнің жолдасы болды. Өте жан-жақты адам ретінде есте қалды. Қарапайым еді, балаларды жақсы көретін. Төсек тартып 10 жыл жатса да қолынан қаламы түспей ауылдың кісілерімен әңгімелесіп, солардың айтқанын жазып отырды.

Шара барысында көрме де қанат жайды. Онда жазушының 17 кітабы, қолжазбалары және жеке заттары ұсынылды.

 

Гүлден Сембаева