МТРА жаңалықтары

100 түрлі тұлғадан мобильді аударымдар алған азаматтар бақылауға алынады

“Мобильді аударым мен карта қабылдамаймыз”! Соңғы уақытта сауда орындары мен қызмет көрсету орындарына барсақ, осындай хабарландыруды көзіміз шалады. Бұл – заңға қайшы әрекет. Осыны әрбір отандасымыз білуі тиіс.

ЖАҢЫЛ ҚАБДӨШЕВА, СҚО бойынша МКД басқармасының бас маманы:

– Бұл әкімшілік жауапкершілік қарастырылған құқық бұзушылық болып табылады. Сонымен қатар, егер сапасыз өнім сатып алынса, тұтынушылардың құқықтары бұзылады.

Елімізде мобильді аударымдарға қатысты алып-қашпа әңгіме жиі айтылып жүр. Иә, жаңашылдық бар. Мемлекет енді үш ай ішінде 100 түрлі тұлғадан мобильді аударымдар алған азаматтарды бақылауға алмақ.

ЖАҢЫЛ ҚАБДӨШЕВА, СҚО бойынша МКД басқармасының бас маманы:

– 2024 жылы Салық кодексінің талаптарына сәйкес, жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген азаматтардың ғана мобильді аударымдары салықтық бақылауға жатады. Олар: мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың және квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері.

Көпке мәлім, жақында жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі бастау алды. Демек, алдағы уақытта бақылауға алынатын отандастарымыздың саны артады.

ЖАҢЫЛ ҚАБДӨШЕВА, СҚО бойынша МКД басқармасының бас маманы:

– Мобильді төлемдерді бақылау адал салық төлеушілерге әсер етпейді және заңсыз кәсіпкерлік қызметтің көлеңкесінен шығуға бағытталған. Яғни, жеке тұлғалар, бұрынғыдай, өздерінің жеке мақсаттары үшін – туыстарына, достарына, ата-аналары мен балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға арналған аударымдарды жасай алады және қабылдай алады.

Сөз соңында айта кетейік, тұтынушылардан ақшалай төлем жасауды талап еткен қызметкерлер айыппұл төлейді. Оның көлемі 40 АЕК құрайды.

 

Мәдина Қаби