СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Спортшылар құрметке бөленді

ҚР Ұлттық Олипиадалық комитеті 1990 жылы құрылған. 1991 жылы Халықаралық комитетке өтініш беріп, 1993 жылы Халықаралық Олимпиада комитетіне мүше болды.

СЕРІК СӘПИЕВ, ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті бас хатшысының орынбасары:

– Биылғы жылы ұлттық олимпиада комитетінің 30 жылдығын тойлап жатырмыз. Барлық аймақтарды аралап, біздің ардагерлерімізді, спортшыларымызды және спортқа үлес қосқан азаматтарды алғыс хат, медальдармен марапаттап жатырмыз. Оның ішінде бүгінде Солтүстік Қазақстан облысына келдік. Облыс әкімдігіне алғысымды білдіремін. Сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын.

Жалпы, Қазақстан құрамасында 420-ға жуық жоғары санаттағы солтүстікқазақстандық спортшы бар. Жыл басынан бері олар Азия, әлем чемпионаттарында, халықаралық және республикалық турнирлерде 630-дан астам медаль жеңіп алған.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің облыста спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, балалар спортын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде облыс халқының 42 пайызы спортпен шұғылданады. 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр.

Салтанатты кеште алғашқылардың бірі болып Аманғали Бекболатов марапатталды. Спортшы әкімнің алғыс хаты мен естелік сыйлығына ие болды. Айта кетейік, Аманғали Нұрболатұлы Әзірбайжанда өткен әскерилер арасындағы грек-рим күресінің чемпионы атанған.

АМАНҒАЛИ БЕКБОЛАТОВ, грек-рим күресінен әскерилер арасында әлем чемпионы:

– Әлем біріншілігі Әзірбайжан елінде Баку қаласында өтті. Мен үшін өте сәтті өтті деп айта аламын. 4 кездесу өткізіп, төртеуінде де жеңіске жеттім. Сөйтіп, әскерилер арасында әлем чемпионы болдым. Ол кезде чемпион екенім қатты сезілмеген. Енді, міне еліме келіп, елім-жұртым марапаттап жатыр. СҚО әкімінің қолынан естелікке сыйлық және грамотасын алдым. Мың алғыс. Өте қауаныштымын. Осымен тоқтап қалмаймыз. Алда Қазақстан, Азия біріншілігі, Олимпиада бар. Жалпы, бұл – біздің бастамамыз.

Осы орайда өңірлік күрес спортының дамуына үлкен үлесін қосып жатқан жандардың бірі – Бауыржан Құлжанов. Ол – Солтүстік Қазақстан облысы күрес федерациясының президенті. Құрметті азамат мерейтолық медальмен наградталды.

БАУЫРЖАН ҚҰЛЖАНОВ, СҚО Күрес федерациясының құрметті президенті:

– Бүгін міне елімізде, Қызылжар жерінде үлкен қуаныш. Алтынбек Аусағитов деген азамат бірінші рет тарихымызда қазақ күресінен чемпион болды. Соған қуанып жатырмыз. Түрлі дода өтіп, жігіттермен жақсы дәрежеге жетіп жатырмыз. «Қызылжар арландары» деген клуб ашқанбыз. Соған биыл 5 жыл. Сол уақыт ішінде көптеген балаларды өсіріп, біраз жетістіктерге жеттік.

Ал Жамбыл Тасеменов – Қазақ КСР-ның грек-рим күресінен құрметті спорт шебері, 1966-1970 жылдардағы Қазақстан чемпионы. 1994 жылы №1 Солтүстік Қазақстан облыстық мектеп-интернатына директор болып тағайындалып, спорт саласына елеулі үлес қосты. Бүгінде құрметті спорт қайраткерінің еңбегі тағы да еленіп, медальмен марапатталды.

ЖАМБЫЛ ТАСЕМЕНОВ, Құрметті спорт қайраткері:

– Мен 1994 жылы облономның орынбасары болып жұмыс істеп жүріп сұранып, интернат директоры болдым. Сол интернаттан спорт интернатын шығардым. Солай әлем чемпионатының Әмір Тыназин, Самат Қыдырбеков секілді жеңімпаздарын дайындадым. Қазір де сол интернатта Әлем, Азия, Еуропа біріншілігінің чемпиондары бар. Оларға мен зор үмітпен қараймын. Себебі, олар олимпиадада өздерін жақсы көрсетуі тиіс. Жаттықтырушыларға тілерім қажымай талмай еңбек етіп, Қазақстан үшін, халқымыз үшін оқушыларын баптаса, әрине олар жеңіске жетеді. Мен оған сенемін.

Айта кетейік, облыста спорт саласын дамытуға барынша көңіл бөлініп жатыр. Қазіргі таңда 100-ден астам спортшыға қаржылық қолдау көрсетіледі.