СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Шал ақын ауданында болды

Шал ақын ауданына іс-сапарын өңір басшысы Повозочное ауылынан бастады. Бұл елді мекенде осы жылы жергілікті «АгроСевер» ЖШС-ның қаржыландыруымен аумағы 2210 шаршы метрді құрайтын жабық хоккей кортының құрылысы басталған болатын. Жоба құны – 90 млн теңге. Сыйымдылығы – 60 адам. Ғауез Торсанұлы бұл спорт нысанының ашылу салтанатына қатысып ауыл халқын құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ең алдымен, сіздерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтағым келеді. Сіздерге мықты денсаулық тілеймін. Болашақта бұл спорт кешенінен жаттығып шыққан балалар Қазақстанды әлемге танытсын. Сіздердің елді мекендеріңізде «АгроСевер» сынды ауылға көмек көрсететін серіктестіктердің бар болғаны қуантады.

Ғауез Нұрмұхамбетұлы «АгроСевер» ЖШС-ның директоры Николай Луговойға осы аймақтың спорты мен әлеуметтік экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін алғыс хат табыс етті.

Спорт нысанының ашылу салтанатына орай Есіл ауданының командасы мен жергілікті құрама хоккейден жолдастық кездесу өткізді. Мұз алаңына алғашқы шайбаны Ғауез Торсанұлы тастады. Бұл айтулы іс-шараға орай облыстық спорт басқармасы жергілікті команданың әр ойыншысына арнайы хоккей формасын табыс етті.

Повозочное ауылының тұрғындары спорт нысанының ашылуына риза. Себебі, бұрын жергілікті хоккей командасы мұз айдынын ашық алаңда өздері құйып, үнемі қарын тазалап, әбігерге түсетін.

– Осы жылы хоккей корты ашылды. Бұл жерде жаттығу да, ойнау да ыңғайлы. Енді ойнамас бұрын бұрынғыдай қар тазалап жүрмейміз.

– Мен жергілікті хоккей командасының жаттықтырушысы болғаныма біраз жыл. Міне, Николай Александрович көмектесіп жабық хоккей алаңын салып берді. Балалар барлығымыз қуаныштымыз. Қар тазаламаймыз. Осылай келеміз де жаттыға береміз. Менің бұл жерден жаттықтырып шыққан балаларым көп. Олардың ішінде Қазақстан чемпионы да бар.

Спорт нысанының ашылу салтанатынан кейін облыс әкімі Повозное ауылының жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұрғынымен кездесті. Қайрат Байбосынов «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жылқы малын өсіруге 8 млн теңгеге несие алған. Қазір таңда ол кәсібін өрге домалатып отыр.

Кездесу барысында Ғауез Торсанұлы кәсіпкердің шаруашылығымен танысты.

Кәсіпкер осы жылы жем-шөптің тым қымбат екенін де тілге тиек етті.

Бұдан кейін өңір басшысы Повозочное ауылы мектебінің жылыту қазандығының жұмысын көрді. Қазандық отын ретінде биомассаны, яғни зығыр сабанын пайдаланады. Жай күндері зығыр сабанының 4-5 бумасы жағылса, аязды күндері бұл көрсеткіш 14-15-ке жетеді Қазандықтың жалпы қуаты – 500 квт.

Қазандықтың жұмысымен танысқаннан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов. Аудан орталығы болып саналатын Сергеевка ауылына ат басын бұрды. Ең бірінші болып өңір басшысы дауыл кесірінен шатырының 280 шаршы метры зақымдалған “Бөбек” балабақшасына келді.

Жөндеу жұмысына жауапты мердігер компания нысанды 20 күн ішінде қалпына келтіруге уәде берді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Менің ойымша, егер төбенің барлығы шіріп кетсе оны толықтай ауыстырған жөн.

Жөндеу жұмысы аяқталғанша балабақша бүлдіршіндері мектепте орналасқан шағын орталыққа баратын болады.

Бұдан кейін Ғауез Торсанұлы Сергеевкадағы аудандық ауруханаға барды. Бұл медициналы мекеме 78 адамға шақталған. Кездесу барысында бос жатқан стационарлық ғимаратты дәрігерлердің жатақханасы ретінде ұсыну мәселесі көтерілді.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Кездесу соңында облыс әкімі ауруханадағы науқастарды келер Жаңа жылмен құттықтап сыйлықтар табыс етті.

– Мен сіздерді келер Жаңа жылмен құттықтаймын. Денсаулықтарыңыз жақсы болсын, ауырмаңыздар.Тезірек сауығып, Жаңа жылды отбасыларыңызбен қарсы алуларыңызға тілектеспін.