БілімБалалар

Оқушылардың спорттағы жетістіктері

Бүгін Оқушылар сарайында өңірдің білім саласындағы спорттық жетістіктерге баға беріп, қорытындылауға арналған жиын өтті. Оған спортты жанына серік етіп, облыс намысын қорғап жүрген оқушы-студенттер, спорт ардагерлері мен ардақты ұстаздар қатысты. Жалпы, жыл басынан бері өңір жастары 150-ден астам спорттық додада бой көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінген.

ҚАНАТ СӘДУАҚАСОВ, облыстық спорт, дене шынықтыру және АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры:

– Биылғы спорттағы ең қомақты жетістігіміз – қысқы республикалық оқушылар арасындағы гимназияда. Онда біз республика көлемінде 2-ші орын иелендік. Ол жарыста ұлдар мен қыздар президенттік көпсайыстан командалық чемпион атанды. Сонымен қатар, конькишілеріміз топтық хоккейден жүлдегерлер қатарынан көрініп отыр.

Қанат Сәдуақасовтың айтуынша өңірімізде қысқы спорт түрі, оның ішінде президенттік көпсайыс қарқынды дамып келеді. Жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Шорт-тректен де қалыс қалмай келе жатырмыз. Дегенмен, теріскейлік спортшылар мәнерлеп сырғанауға жоқ көрінеді. Айта кетейік, бүгінде мектеп ұясының ғана емес, жоғары оқу ордасының да білім алушылары өңір спортына елеулі үлестерін қосып жүр.

ҚАНАТ СӘДУАҚАСОВ, облыстық спорт, дене шынықтыру және АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры:

– Одан басқа біздің студенттеріміз де жақсы нәтижеге қол жеткізуде. Республика көлемінде “Студеттік лига” деген жарыс өткен болатын. Ол додадан СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің ұлдар және қыздар командалары шағын футболдан чемпион атанып келді.

Бүгінгі алқалы жиында додаларда сынға түсіп жүргендерден бөлек, оларды алға жетелеп, бойына күш дарытып жүрген ұстаздар да құрметке бөленді. Солардың бірі де бірегейі – Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі Қуат Хайруллин.

ҚУАТ ХАЙРУЛЛИН, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі:

– Осы 2-ші тоқсанда ұлттық спорт түрі – асықтан челлендж өткен болатын. “Алтын сақа” ұлттық спорты бойынша мектепте көптеген іс-шаралар ұйымдастырдық. Өңір оқушылары асықтан Астана қаласында өткен додаға да қатысып, дипломға ие болып келді. Онда көптеген білім ұяларының мықты оқушылары бой көрсетті. Бұл челлендж біздің ұлттық спортымызды жан-жақты дәріптеп, таныту мақсатында өткізілген болатын.

Өңірде 2 мыңнан астам спорт үйірмесі бар. Онда 30 мыңнан астам ұл-қыз шынығады. Айта кетейік, биыл спорттық іс-шаралардың өткізілуіне барлығы – 584 млн теңге қаражат бөлініпті.

 

Ақжүніс Мұқатай