Мәдениет

Қазақ театрында «Ревизор» спектаклі қойылды

Бұл – “Ревизор” туындысынан үзінді. Орыс жазушысы әрі драматургі Николай Гогольдің туындысы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында қойылды. Үш сағаттық шығарма 40 минуттық үлгіде берілді. Қоюшы-режиссері – Барзу Абдураззаков. Театрдың көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазардың айтуынша ұжым осы қойылыммен Бішкекте өткен фестивальде “Критиктер көзайымы” деген номинацияны жеңіп алған.

ДӘУРЕН ТОЙБАЗАР, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Қойылым біздің театрымыздың репертуарынан түспей, халыққа жол тартқан спектакльдің бірегейі. Бұл спектакльмен Қырғызстанда халықаралық «Aрт-Ордо» фестиваліне барып жеңімпаз атанғанбыз.

Негізгі тақырыбы парақорлық, сыбайлас жемқорлық жайында. Шенділер қалашыққа жақын арада ревизор келетінін естиді.
Сөйтіп, күтіп жүріп шыттай киініп келген қонақты ревизормен шатастырып алады. Олар оны тексеруші деп ойлап, асты-үстіне түседі: ақша ұсынады, халықтың жағдайы тамаша деп жалған сөйлейді. Ақыры соңында манағы жігіт ревизор болмай шығып, барлығын сан соқтырып, ізін суытады. Қойылымда көрініс тапқан тақырып әлі күнге дейін өзекті дейді Дәурен Тойбазар.

ДӘУРЕН ТОЙБАЗАР, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Сол дәуірдегі жазған туындысын дәл қазіргі күнге алып келетін болсақ, тура осы уақытқа сай келіп тұр. Қазіргі жастарды шақырып, лекция оқып, ондай жамандық істеуге болмайды деп емес, біз осындай спектакль арқылы көкірегі ояу, санасы кең білімді жастар көріп отырып өздеріне ой түйіндейді деп ойлаймыз.

Жиналған қауым қойылымды қызыға тамашалады. Актерлердің шеберліктеріне қол шапалақтап, қолдауларын танытты.

 

Мәдина Қаби