СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі тұрғындарды қабылдау өткізді

Өңір басшысына өз базынасын бірінші болып Саттар Мусин жеткізді. Ер адам өмірінің саналы ғұмырын құқық қорғау жүйесіне арнаған. Сондықтан, саланың жұмысы мен дамуына алаңдаулымын дейді. Полиция ардагерінің сөзінше, саладағы шешілмеген мәселе шаш етектен. Мәселен, облыс орталығындағы тірек пункттері қанағаттанарлықсыз жағдайда дейді. Ғимараттардың басым бөлігінің тозығы жеткен. Облыс әкімі өз кезегінде бұл мәселені бақылауға алуды тапсырды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 13 тірек пунктінің барлығына 30 млн қажет. Бір жыл ішінде жұмыстың барлығын бірден жаса алмйамыз, бірақ 2 жыл ішінде тындыруға тырысамыз. Біздің учаскелік полицейлер қалыпты жағдайда жұмыс істеуі тиіс. Бүгінгі таңда дәретханалар көшеде орналасқан, бұлай болмайды. Мәселені қолға аламыз.

Бұдан соң облыс әкіміне «Орман» шағын ауданының тұрғыны жүгінді. Аталмыш ауданды абаттандыруға қатысты бірқатар мәселе бар көрінеді. Рустам Жүсіпбеков «Қызылжар орманы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болғандықтан шағын ауданның барлық проблемаларын біледі. Айтуынша, жарықтандыру мен жолдарға қатысты мәселе шешімін таппай тұр.

РУСТАМ ЖҮСІПБЕКОВ, «Қызылжар орманы» ҚБ төрағасы:

– Біздің шағын ауданда жарық жоқ. Жарықтандыру жобасы бар, бірақ ол ескірген. Пысықтауды, түзетуді, қосымша қаржыландыруды талап етеді. Онда бүкіл шағын аудан қамтылмаған. Мен бұл жобаны өзім көрдім. Онда 5-7 көше ғана көрсетілген. Бірақ, “Орман” шағын ауданы бұл 5-7 көше ғана емес қой. Онда 10 көше бар. Ертең мектеп салынады, негізгі көшелер абаттандырылады да шеткі көшелер жарықсыз қалады.

Өз кезегінде қала әкімі мәселе жайлы білетінін және оларды жою бойынша жұмыс басталғанын хабарлады. Мысалы, биыл шағын ауданда 3 көше жөнделіпті.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Жарықтандыруға келетін болсақ, бұл шағын ауданда 7 шам бар. Бұл шағын ауданды толығымен жарықтандыру үшін барлық істі тындырып біту керек. Шағын аудан қазір толығымен салынып жатыр, мен күрделі жобадан бастау керек екенін түсіндірдім. Күрделі жобада бізде Алтын дала көшесі бар. Бүгінгі таңда сол жерді жарықтандырып, коммуникациялардың барлығын қосу бойынша жоба дайындалып жатыр Ал қалған көшелер одан қуат алады.

Келесі кезекте Островский көшесі, 56-66 мекен-жайы бойынша орналасқан апатты үйлер мәселесі көтерілді. Жұртшылық өмір сүруге жарамсыз жағдайда тұрып жатқандарын айтып шағымдануда. Ғауез Нұрмұхамбетов аталмыш мәселе туралы хабардар екенін айтты. Қала әкімі мәселені шешу бойынша қандай шаралар қолға алынатынын жеткізді.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Бізде тозығы жеткен және апатты тұрғын үйді бұзу бойынша жөндеу бағдарламасы бар. Осы бағдарлама аясында біз инвесторларды тартамыз. Бүгінгі таңда инвесторларды іздеудеміз. Мүдделі компаниялар бар. Бірақ, Жұмысшы кентіндегі мәселе әлі де шешілмей, ашық болып қалуда. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 5 жылға арналған бағдарламаны әзірледік және 5 жыл ішінде бұл мәселені шешуге тырысамыз.

Қала әкімі хабарлағандай, облыс орталығында 210 ескі баспана мен 28 апатты тұрғын үй ресми тіркелген. Айта кетейік, азаматтарды қабылдау барысында басқа да әлеуметтік маңызды мәселелер көтерілді. Кездесу барысында айтылған проблемалар бақылауға алынды.

 

“Первый Северный” телеарнасы