Балалар

Қайырымдылық шара

Бала тілі – бал. Қуанышын, жаңажылдық арман-тілегін 11 жасар Ангелина Шульгина өлең жолдарымен жеткізді. Жеткіншек көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатыр. 4 бауыры бар. Анасы Инга қайырымдылық шарасына 5 бірдей баласын ертіп келген. Айтуынша, мұндай басқосулар жүреке жылу сыйлайды, мейірім ұялатады.

ИНГА ШУЛЬГИНА, көпбалалы ана:

– Бүгін мен 5 баламмен келіп отырмын. Ең үлкені 11 жаста, кенжеме 9 ай толды. Қайырымдылық ұйымдары бізді осындай жаңажылдық кештерге жиі шақырып тұрады. Құшақтары сыйлыққа толған балалар мәз-мейрам болып тарқасады.

Бүгінгі шараны ұйымдастырған – “Көпбалалы Қазақстан” ұйымы. Құрылғанына 20 жылға жуықтап қалыпты. Галина Калинкина – бұрынғы басшысы, ұйымға қазір қызы жетекшілік етеді екен. Әлдеқашан зейнетке шықса да қайырымдылық іс десе жүрегі елжіреп тұрады. Бүгін де әдеттен жаңылмай балаларды қуантуға келіп отыр.

ГАЛИНА КАЛИНКИНА, зейнеткер:

– Іс-шараға өңірдің түкпір-түкпірінен барлығы – 170-ке жуық бала келуі керек еді. Белгілі бір себептерге байланысты 100-ден аса ғана келіп отыр. Жаңажылдық кеш 12 жасқа дейінгі балаларға арналған. Бүгін мерекелік дастархан жайылды, ойындар ұйымдастырылды, балалар өз өнерлерін көрсетіп, сыйлық алып жатыр.

“Көпбалалы Қазақстан” ұйымы жаңажылдық кеш өткізумен ғана шектелмейді, олар жыл бойына көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетіп отырады.

 

Мәдина Қаби