МТРА жаңалықтары

Дәрігерлерге берілетін көтерме жәрдемақы көлемі ұлғайды

Өңірде ақ халатты абзал жандарға берілетін көтерме жәрдемақы көлемі ұлғайды. Биыл облысқа 200-ден астам дәрігер келген. Әзірге 133 маманға мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліпті. Соның бірі – өскемендік Сауыр Тоқтарбай. Анестезиолог-реаниматолог дәрігер көпбейінді облыстық аурухана базасында еңбек етеді.

САУЫР ТОҚТАРБАЙ, облыстық перинаталдық орталықтың анестезиолог-реанимотолог дәрігері:

– Астана медициналық университетінде 10 жыл оқыдым. Жұмыс тиянақтылықты қажет етеді. Басқарма – 3,5 млн, ал аурухана 3 млн берді. Одан бөлек аурухана көмек ретінде ай сайын 50 мың теңге беріп тұрады. Дәрігерлер үйіне кезекке тұрдық.

Биыл көпбейінді облыстық ауруханаға 20-ға жуық жас маман келді. Соның 5-еуі перинаталдық орталықта қызмет атқаруда. Келісімшарт жасалған. Дәрігерлер сол құжат аясында өңірде кемдегенде 5 жыл еңбек етуге міндетті.

ДИНАРА РАХМЕТОВА, облыстық перинаталдық орталық жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі:

– Жансақтау бөлімшесінде 9 анестезиолог-реаниматолог жұмыс істейді. Олардың 4-еуі соңғы 2 жылдың ішінде келді. Жуырда Сауыр Тоқтарбайды қатарға қостық. Білікті маманның бойынан жұмысқа деген жауапкершілігі, ынтаны көруге болады.

Тағы да сандарды сөйлетейік! Бұған дейін ақ халатты абзал жандар ауылға барса, жергілікті бюджеттен – 2,5, ал қалада қалса 1,5 млн теңде берілді. Қазір көрсеткіш 5 және 3,5 млн теңгені құрайды. Яғни, көтерме жәрдемақы көлемі айтарлықтай өскен. Бейінді басқарма басшысының
орынбасары Нұржан Тағаниязовтың айтуынша, мұндай қолдау кадр тапшылығы мәселесін жоюға септеседі.

НҰРЖАН ТАҒАНИЯЗОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Өткен жылы 280-ге жуық дәрігер тапшы болса, бүгінгі таңда 140 дәрігер жетіспейді. 20-21-ші жылдары жылына 50-ге жуық дәрігер келетін. Осы көтерме ақының арқасында мамандар біздің өңірге өздері сұранып жатыр. Барлық жағдайды жасап береміз. 5 жылдан кейін кейбіреулері кетіп те жатады, бірақ мұндай жайттар аз тіркеледі.

Сөз соңында бөлісе кетейік, қазіргі таңда облысқа акушер-гинеколог, кардиолог, хирург сынды дәрігерлер керек. Бүгінде аймақта 1400-ге жуық маман еңбек етуде.

 

Гүлден Сембаева