МТРА жаңалықтары

Бескөлде наубайхана ашылды

Жеке кәсіпкер Зарина Таева – тұғырлы Тәуелсіздіктің құрдасы. Азаматша алдағы мерекеге орай Бескөл ауылында наубайхана ашып отыр. Ашылу салтанатына күннің суығына қарамастан бірсыпыра адам қатысты.

ЗАРИНА ТАЕВА, кәсіпкер:

– Мен Іскер әйелдер қауымдастығына мүшелік етемін. Сондаға қыз-келіншектер бір күні жиналып, “Кім бірінші бизнес ашады?” деген әңгіме қозғады. Мұны өз арамыздағы ойын, бәсеке деуге болады. Сөйтіп, арада 5 апта өтті. Мен алғаш болып өз ісімді бастап отырмын. Жастарды жұмыстан, тәуекелден қорықпауға, ел игілігі жолында еңбек етуге шақырамын.

Кәсіп бастауға мемлекет жәрдемдесті. Биыл “Ұлттық кәсіпкерлікті дамыту” жобасы аясында ауданның 22 тұрғыны грант иеленіпті. Соның бірі – Зарина Таева.

ТЕМІРЛАН ҚАБИ, Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және ветеринария бөлімінің басшысы:

– Ауданда әр ауысымда 1200 бөлке нан пісіретін 13 наубайхана жұмыс істейді. Ауданның күнделікті қажеттілігі – 3600 бөлке. Жұмыс істеп тұрған 5 наубайхана ұнның арзандауына байланысты өз өнімдерінің құнын төмендету жөнінде меморандум жасасты. Жоспар жайлы да айтуға болады. Ауданда тағы бір наубайхана ашу көзделіп отыр.

Жақын маңдағы ауыл тұрғындары наубайхананың ашылғанына өте қуанышты. Енді олар дүкенге бармай, ыстық ас атасы мен өзге де өнімді таяқ тастам жерден сатып алмақ.

АСЫЛТАС ШАЙМЕРДЕНОВА, Бескөл ауылының тұрғыны :

– Менің үйімнің іргесінен наубайхана ашылып жатыр. Бұл жерде бәрі бар екен. Нанымыз көп болсын! Қазақстанымызда нан өнімдерін шығаратын орындар көбейе берсін!

Наубайхана 2 адамды жұмыспен қамтыды. Жас кәсіпкер болашақта мамандардың санын арттыруды мақсат етіп отыр.

 

Мәдина Қаби