Ұлы Отан және Кеңес-Жапон соғысының ардагері Дмитрий Сергеев таңнан бері құттықтау қабылдап жатыр. Бүгін қария 96 жасқа толды. Оны үйіне арнайы келіп құттықтаған жанның бірі – Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев. Шаһар басшысы қала тұрғынына гүл шоқтарын табыстады, алғыс сөздері мен тілегін білдірді.
ДМИТРИЙ СЕРГЕЕВ, ҰОС ардагері:
– Өзім әскерде 7 жыл қызмет еттім. Оның 2 жылын соғыстан кейін оңтүстік Сахалинде өткіздім. Сонда Жапон халқымен таныстым. Кейін кеме арқылы Советтік Гавань қаласына апарды. Порты бар үлкен шаһар еді. Сол жерде сигналшы болдым.
Дмитрий Петрович елге 51-ші жылы оралады. Петропавлда берекелі жанұя құрып, 2 бала өсіреді. Олардан қазіргі таңда 3 немере сүйіп отыр. Көрші тұратын қызы әкесіне жиі келіп тұрады екен.
ТАМАРА СЕРГЕЕВА:
– Ағам жылына бір немесе екі рет келеді. Мен жиі болуға тырысамын. Әкемнің таңы үнемі жаттығудан басталатыны әлі есімде. Көп серуендейді. Салауатты өмір салтын ұстанатын жанның бірі дер едім. Туған күнінде осындай құрмет көрсетіліп жатқанына ризамын. 9-шы мамырда да қошеметке бөленеді. Биыл оркестр өнер көрсетті. Барлығына алғыс білдіреміз!
Өкінішке қарай, өңірімізде жылдан-жылға Ұлы Отан соғысы ардагерлері азайып барады. Былтыр аймақта 6 қарияның көзі тірі болған екен. Биыл тізеден су, толарсақтан саз кешкен жандардың саны 3 адамға қысқарып отыр.
Гүлден Сембаева