ТЖ

Мамлют ауданында ауылдық округ әкімдігі өрттенді

Желтоқсанның 12-ші жұлдызына қараған түні өңірдің кейбір құтқарушылары бел жазбай тер төкті. Мамлют ауданына қарасты Воскресеновка ауылында әкімдік өрттенді. От өткен ғасырдың ортасында тұрғызылған ағаш нысанның төбесін шарпыған. Жалпы аумағы 80 шаршы метрді құрайды. Өкінішке қарай, тілсіз жау бірден ауыздықталмапты.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Өрт от жағатын бөлмеден шыққан. Алдын ала болжам бойынша пеште ақау болған. Нысанның төбесі толығымен жанып кетті. Оқиға орнында мамандарымыз жұмыс істеп жатыр. Жақын арада өрттің нақты себебі анықталады.

Бұл түні шалақындық өрт сөндірушілер де білек сыбына жұмыс істеді. Олар таңғы 5-тер шамасында 40 шақырым жерде орналасқан Семиполка ауылына барған. Мұнда жеке үй отқа оранды. Мамандар қанша күш салғанымен, тілсіз жау 9-дан аса ғана ауыздықталыпты.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Көршілердің айтуынша, үй ішінде ер және әйел адам болған. Мамандар есіктің іштен жабылуына байланысты баспанаға бірден кіре алмады. Көп ұзамай оқиға орнынан 1 адамның денесі табылды. Дәл қазіргі уақытта қызметкерлеріміз екінші адамды іздеп жатыр.

Статистика көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 30 адам өрттен көз жұмыпты. Иіс тию жайттары тағы бар. Осыны алға тартқан Дмитрий Растихин қыстыгүні пешке аса мұқият болу қажеттігін тағы бір ескертті. Сұрақ-жауап сессиясында журналистер “Смирново ауылындағы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды ма?” деген сауал қойды. Спикер қозғалғанын тілге тиек етті.

 

Байболат Құлтанов