Қоғам

Қоқыстың шығарылмауына не себеп?

Әсем қаламыздың қай жеріне барсаң да, аузы-мұрнынан шыға толып тұрған қоқыс контейнерлерін көруге болады. Мұндай көрініс бірнеше күннен бері қаз-қалпында тұр. Бұл – Бөкетов көшесі бойындағы №65 үй. 5 қабатты баспананың маңынан қолқаны қабар жағымсыз иіс шығады.

ГАЛИНА СОКОЛОВА, қала тұрғыны:

– Терезені ашудан қалдық. Үйді жағымсыз иіс жайлап кетеді. Мына қоқыс тағы біраз жатып, күн жылынса, түрлі аурулар да пайда болуы мүмкін. Жәндіктер де тарайды. Осыны ойлайтын жан бар ма?

Аптасына кем дегенде 2 рет шығарылуы керек қоқысқа Татьяна Чуклина да наразы. Көпқабатты үйде 40 жыл тұратын зейнеткер бұрын мұндай мәселе туындамағанын айтады.

ТАТЬЯНА ЧУКЛИНА, қала тұрғыны:

– Бізді алаңдататын тағы бір мәселе бар. Жақында үй маңындағы бірнеше контейнерді алып кетті. Яғни, бәріміз аулаға қоқыс тастап жатырмыз. Өздеріңіз көргендей, тау болып үйілді.

Қалалық әкімдік өкілдері мәселеден хабардар. Олар жайсыз жайттың ауа райына байланысты туындағанын алға тартады.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Соңғы бір аптада қоқыс тазалайтын техниканың көп бөлігі жұмысқа шықпады. Қазір қала бойынша 10 бірлік техника жұмыс істеп жатыр. Жуырда ғана кеңес отырысы өтті. Соның барысында компанияларға тез арада техникаларын жөндеп, қаланы қоқыстан тазарту бойынша тапсырма берілді.

Жай ғана тапсырма берілмеген. Кеңес отырысында жұмысқа селқос қарайтын ұйым басшылары әкімшілік айыппұл арқалапты. Айта кетейік, қазір облыс орталығында қоқыс шығарумен 4 кәсіпорын айналысады.

 

Ақжүніс Мұқатай