Қоғам

Ұстаздар бала тәрбиесіне қатысты дәріс тыңдады

“Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы”. Бүгін облыс орталығында осындай атаумен 150 педагогтың басын қосқан семинар өтті. Бұл шара түркі әлемінің мақтанышы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына тікелей қатысты деуге болады. Себебі, осыдан 100 жыл бұрын жерлесіміз “Педагогика” атты оқулығында бүгінгі тілге тиек етіліп жатқан мәселелерді жазып кеткен.

ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, Халықаралық “Қазақ тілі” РҚБ СҚОФ төрағасы:

– Бүгін біз толық адамды, рухани құндылықты бойына сіңірген баланы көргіміз келеді. Ол үшін балаға дұрыс тәрбие беруіміз керек. Сол үшін осы семинар ұйымдастырылды. Мұнда халықтық педагогикадағы бесік жырынан бастап, баланың даму деңгейіне байланысты тәрбиелеу айтылады. Егер бала қуыс кеуде болса, құндылықтарды бойына дарытпаса, ертең түрлі істерге бой беруі мүмкін.

Ақ пен қараны ажырату қиынға айналған қазіргі таңда бала тәрбиесі маңызды рөл атқарады. Өзекті мәселеге тереңірек үңілу үшін Алматыдан жазушы әрі ағартушы, ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып жүрген Санжар Керімбай арнайы шақырылыпты.

САНЖАР КЕРІМБАЙ, жазушы:

– Бізді бұл шараға Алматы қаласынан арнайы шақырды. Біздің Алматы қаласында 11 жылдық тәжірибеміз бар. 2012 жылы “Отбасы хрестомотиясы” деген қоғамдық қор құрған болатынбыз. Содан бері ұлттық тәрбие беру бағытында 37-ге жуық кітап шығардық. Ең соңғысын 2023 жылдың күзінде шығардық.

Санжар Керімбайдың “Әлдиден эпосқа дейін”, “Салт-дәстүр сөйлейді”, “Өмірге ғашық болу” мен “Яссауи феномені” атты кітаптары кіреберісте қаз-қатар тізіліп тұр. Сатылымға қойылған.

САНЖАР КЕРІМБАЙ, жазушы:

– Шығарылып жатқан кітаптардың мақсаты не? Адамдар бойындағы барлық құндылықтардан көз жазып қалып, жеңіл-желпі ойласа, қоғам бір апаттық жағдайға келеді. Әсіресе, қазақ мектептерінде тәрбие мәселесі ақсап, ушығып кеткеннен кейін осы облыстық білім басқармасының мамандары дабыл қағып, бірлесе қимылдамасақ, арты жақсылыққа апармайды деп шақырған болатын.

Айта кетерлік жайт, бүгінгі жиынға білікті мұғалімдермен қатар, болашақ ұстаздар да қатысты.

 

Ақжүніс Мұқатай