Қоғам

Өрт пен балық аулау қауіпсіздігі

Өрттің себебі де, салдары да баршаға белгілі. Дегенмен, әлі де тілсіз жаудың халыққа тиігізіп жатқан зардабы орасан. Биыл өңірімізде жыл басынан бері 113 өрт оқиғасы орын алған. Салдарынан 11 теріскейлік, оның ішінде 3 бала өлім құшыпты. Төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, өрт оқиғасы өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге аз.

НАЗЫМБЕК ЕЛЕМЕСОВ, қалалық ТЖБ бастығы:

– Тұрғын үй секторында жиі орын алатын оқиға – пештерді пайдалану және орнату кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылық. Ол өрт сандарының 45%-ын құрайды. Екінші мәселе – электр құралдарын пайдалану және орнату. Бұл себеп өрттің 25%-ын құрайды.

Қазір түссіз, иіссіз, сезілмейтін ыстан бір ғана адам емес, бүтін бір отбасы оянбай қалып жатыр. Онсыз да алаңдатарлық статистика саны одан сайын өршімес үшін мамандар бүгіннен бастап кезекті іс-шара барыснда жұмыс істемек.

НАЗЫМБЕК ЕЛЕМЕСОВ, қалалық ТЖБ бастығы:

– Көміртек тотық газымен уланудың алдын алу шаралары жүргізілуде. Тұрғын үйлерге газ түтінін хабарлайтын қондырғылар қойылады. Әкімшілік пен жергілікті атқарушы органдар мен мұндай қондырғылар сатылып алынып, әлеуметтік осал жанұяларға орнатылмақ.

Қыс келсе өртпен қатар мұз беті қата қоймаған өзен-көлдер де төтенше жағдай мамандарын әбігерге салады. Республика бойынша қыркүйек айынан бері 7 адам демаламын деп опат болған. Құбылмалы ауа райы сақталып тұрған солтүстік өңірде мұндай жайт әлі орын алмапты.

РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:

– Ауа райының -10,-15 градусқа жетпеуіне байланысты су айдындарында әлі мұз қата қоймаған. Балықшылардың су айдындарындағы қауіпсіздігі үшін СҚО төтенше жағдайлар департаменті барлық деңгейдегі күш пен құралдарды дайындыққа келтірді. Яғни, ТЖД жедел құтқару жасағының сүңгуір құралдары, қыркүйек, қазан айларында қолданылатын жүзу көліктері дайындыққа келтірілді.

Айта кетейік, балықшылар мұз бетіне қалыңдығы 15 см-ден асқан кезде ғана шығулары керек.

 

Ақжүніс Мұқатай