Денсаулық сақтау

Облыста қызылша жұқтырғандар саны 75 адамға жетті

Облыста қызылша індетіне ауыздық салынбай тұр. Бүгін өңір аумағында инфекция жұқтырғандардың саны 75 адамға жеткені мәлім болды. Оның 65-і – петропавлдық. Аурудың күш алуына бірден-бір себеп – екпенің салынбауы. Бұған санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының баяндамасы дәлел.

ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– 14 жасқа дейінгі балалар арасында 26 жағдай тіркелді. Қызылша жұқтырғандардың 84 пайызы – вакцина алмағандар. Жеке сенімі бойынша 22 адам екпеден бас тартқан.

Петропавлдағы әскери академия күллі елдің назарын өзіне аударды. Мұнда ондаған адамнан қызылша анықталғаны белгілі. Өкінішке қарай, білім ордасындағы жағдай әзірге тұрақталмапты.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Ұлттық ұлан академиясында қызылша жұқтырды деген күдікке 48 адам ілікті. Яғни, өсім бар. Күдіктің 26 жайты зертханалық негізде расталды. Індетке шалдыққан әскери қызметкерлер және курсанттармен байланысты болған адамдар 72 сағат ішінде екпе алу қажет. Бүгінгі таңда академиядағы 645 адамға вакцина қойылды.

Мамандардың айтуынша, жүкті әйел қызылша жұқтырса, болашақ баласына кесірі тию мүмкін. Жалпы, науқастардың арасында амбулаторлық деңгейде ем қабылдап жатқандар бар.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Қазіргі таңда 14 науқас амбулаторлық деңгейде емделуде, оның 4-еуі – бала. Соңғы тәулікте 3 науқас ауруханаға жатқызылды. Мамандар жұқпалы аурулардан қорғанудың ең тиімді, кейде жалғыз жолы екпе екенін еске салады. Облыста қазір қызылшаға қарсы 9 мың 159 доза вакцина бар. Алдағы уақытта 30 мың 600 доза сатып алынады.

Көпке мәлім, елімізде қарашаның 6-сы күні қызылшаға қарсы қосымша екпе егу басталды. Содан бері облыс тұрғындарының 13,4 пайызы вакцина алыпты. Арасында балалардың саны бірсыпыра. Бұлай жасамаса болмайды. Қазір облыстық көпбейінді балалалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінде 17 ұл-қыз ем қабылдауда. Ақ халаттылардың айтуынша, инфекция асқынса бүлдіршіндердің өкпесі зақымданып, есту қабілеті нашарлайды, тіпті минингитке ұласады.

НАТАЛЬЯ СУСЛОВА, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жұқпалы аурулар дәрігері:

– Бұған дейін ауруханда 32 бала болды. Оның 15-і емделіп шықты. Қызылшаның бірден-бір белгісі – дене қызуының 39-40 градусқа дейін көтерілуі. Көз қызарып, ауыз қуысының шырышты қабығында ақ дақтар пайда болады. Науқас індетті жеңген күннің өзінде 4 күн адамдармен жақын араласпауы қажет. Бізге түскен балалардың барлығы вакцина алмаған. Мұны әр ата-ана ескерсе дейміз.

Айта кетейік, елде 18 мыңға жуық адам қызылша жұқтырған. Оның 82 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар.

 

Гүлден Сембаева