МТРА жаңалықтары

Петропавл нан-тоқаш комбинаты ұтыс ойынын өткізіп жатыр

Петропавл нан-тоқаш комбинатына – 90 жыл. Осыған орай ұжым тұрғындар арасында акция ұйымдастыруда. Шарты қарапайым. Әуелі нан сатып алу қажет. Оның өзінде қаптамаға салынғаны болуы тиіс. Ережеге сәйкес, сыртындағы жарнамалық кодты сайдтқа тіркеу керек. Ал сайдтың атауы – наубайхананың инстаграм желісінде. Сондай-ақ, ұтысқа Қостанай, Көкшетау тұрғындары да қатыса алады. Бүгінге дейін 5 мыңнан астам адам тіркелген.

ЕРЛАН ҚАЙШЫБАЙ, “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” ЖШС директоры:

– Әр өңірдің өзінің жеңімпазы болады. Ұтыста айфон, дайсон және Дубайға жолдама ойнатылады. Қарашаның 10-ында бастау алған акция наурыздың 29-ына дейін жалғасады. Жеңімпаздардың барлығы бір күнде тікелей эфирде анықталады. Сол сәтте біз жеңімпаздарға қоңырау шаламыз. Егер адам ұялы телефонын көтермесе, онда жүлдесін қайтадан ойнатуға тура келеді. Мұндай акцияны біз бұған дейін өткізген болатынбыз.

Айта кеткен жөн, нанның 8 түріне жарнамалық код жапсырылған. Олар: «Московский», «Южный», «Сибирский», «Чешский», “Чайный”, “Молочный” батоны, ошақ және қара бидай наны. Бұның барлығын тұрғындар сүйсініп жейді. Серіктестіктің өнімдерінің құрамында түрлі қоспа жоқ, яғни халал болып келеді.
Негізі, наубайхана 1933 жылы ашылған. Содан бері тек ас атасын ғана емес, түрлі дәмді тоқаш өндіреді. Мұнда қазір 400-ге жуық адам жұмыс істейді. Соның бірі – Галина Челнокова. Нәзікжанды кәсіпорында 35 жыл бойы тер төгіп келеді.

ГАЛИНА ЧЕЛНОКОВА, “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” ЖШС бригадирі:

– Наубайханаға 88-ші жылы келдім. Ең алдымен оператор, кейін қамыр араластырғыш болдым. Қазір бригадирмін. Өзіме қамырмен жұмыс істеген ұнайды. Өнім дәмді шығу үшін жақсы көңіл күймен және бар ықыласыңды салуың қажет. Ұжымымыз тату болғандықтан ісіміз де берекелі.

Петропавл нан тоқаш комбинатында ай сайын 600 тоннаға жуық өнім өндіріледі.

 

Гүлден Сембаева