Балалар

Оқушылар арасында қойылым байқауы ұйымдастырылды

Биыл атақты қолбасшы, өз заманында мемлекет билеген Сұлтан Бейбарыстың дүниеге келгеніне – 800 жыл. Бүгін мерейтойдың шеңберінде Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында “Сұлтан Бейбарыстың оралуы” атты қойылым байқауы өтті. Қаларалық конкурста өнерін ортаға салатындар – 6-9-шы сынып оқушылары. Ұйымдастырушы – қалалық білім бөлімі.

ГАУХАР ТЕМІРБАЕВА, қалалық білім бөлімінің әдіскері:

– Бұл шараның негізгі масаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оқушылардың арасындағы дарынды, талантты балалардың одан әрі қарай үлкен өмірде өз жолдарын табу үшін көмектесу әрі мектепте алған білімдерін, функционалдық сауаттылық деп жатамыз ғой соны ыңғайластыру болып табылады. Биылғы конкурсымыз Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналады. Смағұл Сәдуақасов айтқандай “Өткенсіз бүгін жоқ, тарихты қанша асықтырғанмен өткендегі тарихты жер бетінен жойып жібере алмаймыз” дейді.

Жарысқа шаһардың 22 мектебінен 200-ге жуық жас қатысуда. Ішінде орыс, қазақ және аралас тілді білім ұялары кіреді. Байқаудың бір ерекшелігі – оқушылар қойылымды қазақ тілінде ұсынулары керек. Арнайы костюмдерін киіп, сахнада өнерлерін көрсетіп жатқан мына оқушылар бірінші гимназиядан. Барлығы – 12 ұл-қыз.

ДАНИЛА ЗАГОРНЯК, Бірінші гимназияның 9-шы сынып оқушысы:

– Менің қойылымдағы рөлім – сарбаз. Қолыма қару ұстап, жауға қарсы аттанамын. Конкурс үшін 2 апта барымызды салып дайындалдық. Мұғалімдерімз көмектесті. Мына үстіміздегі киімдерді де тауып берді. Негізі, бұған дейін би жарыстарына жиі қатысатынбыз. Мына байқау біз үшін бір жаңашылдық болды.

Қатысушылардың өнерін бағалау үшін арнайы қазылар алқасы да құрылыпты. Арасындағы “Сенімен болашақ” республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі филиалының басшысы Жанат Мұхамеджанов қойылымның қалай бағаланатыны жайлы айтып өтті.

ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, “Сенімен болашақ” республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі СҚОФ басшысы:

– Біз бүгінгі байқауда оқушылардың өнеріне, Сұлтан Бейбарыстың өмірін жеткізуіне және тіл тазалығына сахнадағы эстетикалық жүріс-тұрысына мән беретін боламыз. Біз өнерпаздарды 1-ден 10-ға дейін бағалаймыз. Әр түрлі бағалау критерийлері бар. Оның ішінде сахнаның безендірілуі, киімінің үлгісі, көркем сөйлеуі мен ойды жеткізе білуі, Бейбарыстың тұлғасын сомдауы мен өмірбаянынан үзінділер көрсете білуіне баса мән береміз.

Жалпы, аталмыш сайыс жыл сайын ұйымдастырылады. Дәстүрлі байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы мадақтамамен марапатталады.

 

Ақжүніс Мұқатай