СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда азықтық ашытқы зауыты салынады

Қос тарап үшін маңызды кездесу! Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов италиялық инвестор Даниэле Бонвичинимен кездесті. Сонау Еуропавдан ат терлетіп келген мейман отандық кәсіпкермен Солтүстік Қазақстанға 1,5 млрд теңге көлемінде қаржы құймақшы. Мақсат – азықтық ашытқы зауытын салу. Мұндай өнім жануарлар мен құстарға және балықтарға биоқосымша ретінде беріледі. Сонымен қатар, құрамажем дайындау кезінде пайдаға жаратылады.

ДАНИЭЛЕ БОНВИЧИНИ, “PROSOL SPA” компаниясының басқарушы директоры, Италия:

– Әлем бойынша мұндай өндірісті оң жолға қойған 4 қана компания бар. Соның бірі – біздің кәсіпорын. Бізді Солтүстік Қазақстан облысын бекерден-бекер таңдаған жоқпыз. Бұл жерде аграрлық сала жақсы дамыған. Ірі мемлекеттердің ортасында тұр. Саяси жағдай тұрақты. Осы факторларды ескеріп, сіздердің аймаққа келіп отырмыз.

Іс бастауға ниетті кәсіпкерге қашан да есік ашық. Өз кезегінде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктерін жіпке тізді. Сонымен қатар, инвесторларға жасалатын жағдайды баян етті және тың жобаға қолдау танытты.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Шетелдік ірі компанияның біздің өңірді таңдап, іс бастағалы жатқаны қуантады. Мен сіздердің зауыттарыңызбен танысып шықтым. Біз өз тарапымыздан қолдау танытамыз. Әр мәселе ескеріледі. Аяқсыз қалмайды деп сеніммен айта аламын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!

Яғни, “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы бір зауытпен толығады. Жоспар бойынша өндіріс ошағының құрылысы келер жылдың көктемінде басталып, 25-те аяқталады. 50-ге тарта теріскейлік жұмыспен қамтылады. Инвесторлар қазір жергілікті университет басшылығымен келіссөз жүргізуде. Олар мамандарды бүгіннен дайындамақ ниетте. Қоса кетейік, келешекте дайын өнім толығымен экспортталатын болады.

 

Байболат Құлтанов