СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі депутаттар алдында есеп берді

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов депутаттар алдында есеп берді. Аймақ басшысының сөзінше, 10 айдың ішінде өңір экономикасы алға басқан. Ескерер жайт, көрсеткіш бұдан да жоғары болар еді. Ауа райы салдарынан аграрлы өлкенің ауыл шаруашылығы саласында түсім тіркелді. Бұл жалпы даму динамикасына әсер етпей қоймады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Cолтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауыл шаруашылығында төмендеу байқалып, нақты көлем 84,9 пайызды құрады. Қалған салаларда оң динамика сақталуда: өнеркәсіпте өсім – 113 %, құрылыста – 122 %, тұрғын үйді пайдалануға беруде – 112 %, инвестиция тартуда – 120,3 % құрады. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіпте 105 %, құрылыста – 102 %, инвестиция – 105 %, тұрғын үйді пайдалануға беруде – 102 % өсім күтеміз. Аграрлық секторда 77,4 % деңгейінде күтілуде. Сонымен қатар, 10 400 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды.

Өңір шаруалары алқапта жылдағыдай мол астық жимағанымен, ет пен сүт өндірісінде бірталай жетістікке жетті. Бұны марқая айта аламыз. Облыста заманауи фермалар, бордақылау алаңдары салынуда. Мысалы, қазір 12 мың басқа арналған 13 сүт кешені тұрғызылып жатыр. Оның 6-ауы жыл соңына дейін ашылады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Cолтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 10 айда, ет өндірісі 2 пайызға (92,2 мың тонна), сүт өндірісі 3,4 пайызға өсті (603 мың тонна), 589 миллион жұмыртқа өндірілді (96,6%). Облыста жылына 647,8 мың тонна сүт өндіріледі, бұл республикалық көлемнің 10 пайызын құрайды. Мемлекет басшысы, халықты қолжетімді және сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуді басты басымдық ретінде белгіледі. Сондықтан, біздің басты міндетіміз – еңбек өнімділігін ұлғайту және ауыл шаруашылығын жаңғырту. Бұған инвестиция тарту арқылы қол жеткіземіз.

Солтүстік Қазақстан – республика бойынша ауыл шаруашылығына ең көп инвестиция тартқан облыс. Елімізде 780 млрд теңгеге жуық қаржы құйылса, соның 150 млрд астамы аққайыңдар өлкесіне тиесілі. Өндіріс, құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау, спорт пен мәдениет. Жол жөндеу мен су тарту тағы бар. Аймақ басшысы әр салаға тоқталды, атқарылған істі, жоспарды баяндады. Көзделген жұмыстың бірі – «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде 27-ші жылға дейін 304 ауылды талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Cолтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– «Мемлекет басшысының ауылдағы білім нысандарын жылдам интернетпен қамтамасыз ету» тапсырмасын орындау мақсатында облыс мектептерінің 100% интернет желісіне қосылған. Байланыс операторларымен бірлесіп жылдамдықты арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 170 мектеп «Старлинк» спутниктік желісі арқылы қосылады.

Облыс әкімінің есебі жарты сағатқа созылды. Бұдан кейін депутаттар сөз алып, көкейде жүрген проблемаларды көтерді. Қоқыс полигондарын ретке келтіру, жылу мен жарық беруді жақсарту, қоғамдық көліктерді қаржыландыру, сонымен қатар, жастарды баспанамен қамту. Осы және өзге де мәселелерге қатысты сауалдар қойылды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Cолтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жергілікті қазынадан және “Отбасы банктен” 700 млн теңге бөлінеді. Бұл қаржыға 18 бен 35 жас аралығындағы жастарға жаңа бағдарама әзірлегіміз келеді. Ол бойынша өңірге келген азаматтар баспаналы болмақ. Жобаны келер жылдың басында іске қосамыз. Бұдан бөлек, спорт пен мәдениет салаларына қатысты да бағдарлама дайындау жоспарда бар.

2023 жылы өңір бюджеті 420 млрд теңгеден 499 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Келер жылы көрсеткіш бұдан жоғары болады. Жиын барысында депутаттар қаржының қанша пайызы әлеуметтік салаға бағытталатынын сұрады. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жалпы көлемнің 40 проценті әлеуметтік сектордағы жұмыстарға жұмсалатынын мәлімдеді.

 

Байболат Құлтанов