Құқық қорғау органдары

СҚО-да «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы бастау алды

Қазақстанда «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы бастау алды. Түрлі саланың өкілі қамтылған акция қарашаның 30-шы жұлдызына дейін жалғасады. Ол бірнеше мақсатты қамтиды.

БАЯН БАЙҒАСКИНА, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу, вандализм, мүліктің бүлінуі, ұсақ бұзақылық, сондай-ақ, жол қауіпсіздігі саласындағы бұзушылықтар фактілерін анықтау және жолын кесу, тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу жатады.

Жедел профилактикалық іс-шараның тағы бір бағыты – көп адам шоғырланған жерлерде визуалдық бақылауды қамтамасыз ету. Бұл ретте жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйелері пайдаланылмақ.

БАЯН БАЙҒАСКИНА, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Өткізіліп отырған іс-шаралар шеңберінде есепте тұрған тұлғаларға бақылау жасау, заңнаманы бұзған фактілерді анықтау кезінде қолайсыз отбасыларға бару, жалға алған пәтерлерді, базарларды, құрылыс объектілерін аралау жүзеге асырылады. Жедел-профилактикалық іс-шараның бірінші күні 100 рейдтік іс-шара өткізілді.

Нәтижесінде 556 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның 208-і – жол жүрісі ережелерінің сақталмауы. Көлік құралын алкогольдік масаң күйінде басқарған 4 жүргізуші ұсталыпты. Есепте тұрған 573 адам тексерілген және жалпы сомасы 190 мың теңге болатын айыппұлдарды төлемеген 4 көлік иесі анықталған екен.

 

Байболат Култанов