Спорт

Қыздар арасында волейболдан ұлттық лига бастау алды

Қызылжарда волейболшы қыздар бас қосты. Ұлттық лига ойындарына
9 команда қатысып жатыр. Айта кететін жайт, әр топта 14 адамнан болса, соның 2-3-еуі басқа мемлекеттен тәжірибе алмасу үшін арнайы шақыртылған ойыншылар.

ЕРМЕК СЫРЛЫБАЕВ, жарыстың бас төрешісі:

– Үлгілі командалар. Петропавл командасынан басқа “Алтай”, “Алматы”, “Тұран”, Түркістан, Павлодардан келген командалар бар. Ұлттық команданың мүшелері, тағы да шетелден келген легионерлер ойнайды. Сербиядан келген, Кубадан келген, Ресейден, Беларусь, Украинадан келген легионерлер қатысады.

Ойынды Талдықорғаннан келген “Айқаракөз” бен павлодарлық “Ертіс” командасы бастап берді. Кездесу бірінші минуттан тартысты өтіп жатыр, есепті талдықорғандық спортшылар ашты.

Әр волейболшы допты өз жағының алаңына түсіріп алмас үшін жанын салып ойнап жатыр. “Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін” деген ұранмен келген командалар жеңістен дәмелі. Қоржынға ұпайды “Айқаракөз” бірінші салса да “Ертіс” ойындарына екпін қосып, 3 те 1 есебімен жеңіп кетті.

Ұлттық лига ойындары Петропавлда қарашаның 28-іне дейін созылады. Бұл – 1-ші тур. Екіншісі желтоқсанда өтеді. Ай сайын ұйымдастырылатын кезеңдер өзге қалаларда жалғасын табады. Шешуші кездесу Түркістан қаласында болады.

 

Мадина Каби