Денсаулық сақтау

“Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында аудандық аурухана күрделі жөндеуден өтті

Ғабит Мүсірепов ауданындағы орталық аурухана 80-ші жылдары бой көтерген. Соңғы рет мұндағы перзентхана 14 жыл бұрын жөнделіпті, ал терапевтік бөлімшенің жаңаланбағанына 20 жылдай болған. Биыл ауқымды оң өзгеріс орын алды. Көптен күткен іс “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында атқарылды.

ВИТАЛИЙ АВРАМЕНКО, Ғ.Мүсірепов аудандық орталық ауруханасы директорының міндетін атқарушы:

– Қабылдау бөлімі күрделі жөндеу көрді. Іске 10 млн теңгеден астам қаржы бағытталды. Шатыр ауыстырылды. Жаңадан техникалық құрылғылар әкелінді. Олар: нәрестелерге арналған инкубатор, есту функциясын диагностикалауға арналған модульдік аппарат және т.б. Сондай-ақ, Рузаевка ауылында орналасқан амбулаториялық ғимаратты күрделі жөндеуге 75 млн теңге бөлінді.

Қазіргі уақытта барлық күрделі жөндеу жұмысы өз мәресіне жеткен. Аудандық орталық аурухана жаңа кадрлармен толығуда. Биыл мұнда хирург, эндоскопист, педиатр мен 5 бірдей медбике келіпті. Олардың барлығы мемлекет тарапынан да, емдеу мекемесі тарапынан да қолдау көрген.

ВИТАЛИЙ АВРАМЕНКО, Ғ.Мүсірепов аудандық орталық ауруханасы директорының міндетін атқарушы:

– Келген ақхалаттылардың барлығы жәрдемақы алып, баспанамен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда кадр тапшылығы мәселесі жоқ. Аурухана 175 орынға арналған. Қазір мұнда 52 дәрігер мен 280 медицина қызметкері жұмыс істеп жатыр. Келер жылға жоспар әзірледік. Алдағы уақытта хирургия бөлімшесін де жөндемекпіз.

Аудандық ауруханада кадр тапшылығы мәселесі шешілгенімен, жалпы өңірде әлі шешілмей тұр. Қазіргі таңда облысқа 144 дәрігер қажет.

 

Гульден Симбаева