Денсаулық сақтау

Есту қабілетінен айырылған жандарға арналған орталық

“Формула слуха” серіктестігі осыдан тура 10 жыл бұрын құрылған. Ұйым есту диагностикасы бұзылған балаларды, қарттарды, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарды тиісті аппараттармен қамтамасыз ету бойынша қызметтер көрсетеді. Мұндағы мамандар алысты-жақынды шет елдермен тығыс байланыста. Басшылық Ресей, Сингапур мен Германияға заманауи қондырғыларға тапсырыс береді екен.

НАТАЛЬЯ ВОРОНОВА, “Формула слуха” ЖШС директоры:

– Ісіміз оңайлықпен алға басты деп айта алмаймын. Жұмысқа кіріскен кезде, яғни 2013-шы жылы мұндай бірде бір ұйым болған жоқ. Білікті мамандар жоқтың қасы еді. Біз осы саладағы дәрігерлерді Ресей мен Германияға оқытуға жібердік. Қазір әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жұмыс істейміз. Зейнеткерлер, балалар мен мүгедек жандарға 10%-дық жеңілдік бар. Сонымен қатар, есту қабілеті нашар балаларға арналған мектептермен де тығыз байланыстамыз.

Орталыққа келуші жандардың жас ерекшелігі әртүрлі. Олардың жасы мен ауру деңгейіне қарай төлем көлемі де өзгереді. Мына жасөспірім аптасына бірнеше рет осындағы дәрігерлерге қаралады. Құлағына орнатылған арнайы аппаратты тексерістен өткізіп тұрады екен. Мазалаған сұрақтарын да қоя алады.

“Формула слуха” серіктестігінде 4 дәрігер еңбек етеді. Орталық есту қабілеті бұзылған 7 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіпті. Тұрғындарға қол ұшын созатын маманның бірі – Виктор Бебко.

ВИКТОР БЕБКО, “Формула слуха” ЖШС дәрігері:

– Мен Ресейдегі Тула қаласында осы сала бойынша білім алдым. Биыл бұл қызметте жүргеніме 13 жыл болады. Біздің ұйымға хабарласқан жандарға керек ақпартты беріп, қабылдап отырамын. Қажет деген аппараттарды тағайындаймын. Негізі жұмысым өзіме ұнайды. Есту қабілеті мүлдем нашар жандар жүгініп, соңында қуанышпен кеткенде әлемде менен асқан бақытты адам болмайды.

Талай жанның өміріне шамшырақ болып отырған серіктестікке соңғы жылдары “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры көмектесіп жүр екен.