Құқық қорғау органдары

Облыста жыл басынан бері 300-ден аса жол апаты болған

Жыл басынан бері облыста 327 жол-көлік апаты орын алған. Салдарынан 463 адам жарақат алса, 39 жан көз жұмған. Ал балалардың қатысуымен 80-ге жуық оқиға тіркеліпті. Онсыз да алаңдатарлық статистика одан сайын өршімес үшін өңір полицейлер “Жол жүрісінің қаупсіздігі” атты акция өткізуде.

ЖАСҰЛАН СӘДУАҚАСОВ, СҚО ПД ППБ взвод командирі:

– Қала сыртындағы патрульдік полиция қызметкерлері күшейтілген түрде жұмыс істеп жатыр. Көлікті масаң күйде басқару, жылдамдықты асыру сияқты жол жүрісі қағидаларын өрескөл бұзушыларын, сондай-ақ көлік жүргізу құқығынан айырылғандарды ұстауға ерекше көңіл бөлінеді.

Ата-аналарға да балалардың қауіпсіздігін күшейту керек. Себебі, алдағы уақытта күн қысқарып, ауа райының қолайсыздығынан жүріп-тұру қиындайды. Акция барысында осыны мамандар қала тұрғындарына түсіндірді, “Көліктегі бала” стикерлері мен жаднама қағаздары берілді. Айта кетейік, шара жақын арада онлайн түрде де өткізілмек.

БАЯН БАЙҒАСКИНА, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– “Жол жүрісі қауіпсіздігі” республикалық акциясының негізінде СҚО полиция департаментімен кезекті іс-шаралар өткізілді. Брифинг өткізілді және полиция департаменті ведомстволарының аккаунттарындағы әлеуметтік желілерде тікелей эфир жүргізілді. Онда жол-көлік оқиғаларының саны, апаттың себептері мен салдары және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы сұрақтарға жауап берілді.

Жалпы, аталмыш апталық Дүниежүзілік жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алу күні қарсаңында өткізілуде.