СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтарАуыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері құрметке бөленді

Жергілікті өнер иелері сәні мен салтанаты жарасқан қазақ театрында ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерін осылай қарсы алды. Бүгін – 5 мыңнан аса теріскейлік іскер жанның басын қосқан агроөнеркәсіптік кешен өкілдерінің кәсіби мерекесі. Биылғы қиыншылыққа қарамастан диқандарымыз ерледі. Олар майлы дақылдарды қоса алғанда, алқаптан 4 млн тоннадан астам астық жиды. Танапта тәуліктеп төккен тер елеусіз қалмайды. Сахнаға шыққан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов залдағы солтүстікқазақстандықтардың еңбегін айтты, атаулы датамен құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңір елдің азық-түлік қауіпсіздігіне көп үлес қосуда. Біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 атауының 15 өндіреміз. 10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін 775 млрд теңгеге көп өндірдік. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен халықтың өмір сүру деңгейін қамтамасыз етіп отырған саланың барлық қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймын!

Бұл күнді марапатсыз елестету мүмкін емес. Мерекеде 3 бірдей теріскейлік министрліктен жолданған “Еңбек ардагері” медалін кеудеге тақты.

Соның бірі – уәлихановтық Жармұханбет Ибрагимов. Ондаған жылдық тәжірибесі бар агроном саланың күрделенгенін алға тартады. Ағамыздың пікірінше, бұл ретте жастар белсенділік танытулары қажет. Сонда ғана тиісті әдіс-тәсіл табылады, сонда ғана өндіріс дамиды.

ЖАРМҰХАНБЕТ ИБРАГИМОВ, “Unite-Инвест” ЖШС бас агрономы, Уәлиханов ауданы:

– Жақсы мамандар керек. Жастар оқу керек. Сонда ғана сала дамиды. Өкінішке қарай, көп адам біздің салаға келгісі келмейді.

Жалпы, бүгінгі жиында 30-дан астам адам түрлі дәрежеде марапат алды. Салтанатты жиынға өңірімізде асылтұқымды қой шаруашылығын дамытып жатқан Өмірсерік Әбиев арнайы келіпті. Мыңдаған бас Шопан ата төлін ұстайтын азамат бұл істі мықтап қолға алғысы келеді.

ӨМІРСЕРІК ӘБИЕВ, “Екпін-2002” ЖШС директорының орынбасары, Жамбыл ауданы:

– Жылқыдан, қара малдан 2 жарым жылдан кейін пайда көреміз. Ал қой 8-9 айда 18-20 келі ет береді. Пайда осында.

Марапаттаудан кейін сахнаған жергілікті өнерпаздар шықты. Олар мереке иелеріне ән мен биден шашу шашты.

 

Байболат Култанов