Денсаулық сақтау

17 қараша – Халықаралық шала туған балалар күні

Жыл сайын әлемде 15 млн сәби өмірге шала болып дүниеге келеді. Қазақстанда жыл сайын 22 мыңға жуық сәби мерзімінен ерте туылады. Соның үштен бірі 3 жасқа жетпей шетінеп кетеді. Жыл басынан бері жергілікті перинаталдық орталықтың өзінде 283 бала шала туылған, ал облыс бойынша мұндай бала саны – 325.

НАТАЛЬЯ САЛОХИНА, СҚО перинаталдық орталығы неонатология блогының меңгерушісі:

– Уақытынан бұрын дүниеге келген сәбилер ерекше күтім мен емді қажет етеді. Өйткені, бүкіл жүйе, яғни, бас миы, өкпесі – соның бәрі жетілмей туылады. Бұдан ешкім сақтандырылмаған. 42 аптаға толмай туылған шақалақтардың құрсақ сыртындағы өмірге бейімделуі қиын. Біз оның ағзасының өсіп, жетіліп, бекіп кетуі үшін бар жағдайды жасаймыз. Бұл – акушер-гинеколог, неонатолог және балалар медбикесінің бірлескен зор еңбегі.

Бүгін – Халықаралық шала туған балалар күні. Осы орайда перзентханада 2-3 жыл бұрын дүниеге келген балаларға арналып шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесі «Күміс еріктілер» тобының өкілдері осында жатқан нәрестелерге арнап тоқыған қолғап-байпақтар әкелген.

СӘУЛЕТ ТАХМЕТОВА, облыстық ардагерлер кеңесінің өкілі:

– Біз әрқашан көмек қолын созуға дайынбыз. Медбикелерден алдын ала не қажет екенін сұрап алдық. Көрпе мен жастық және бас киімдер тоқып әкелдік.

Облыстық перинаталдық орталықта ерте даму бөлімшесі құрылып жатыр. Бөлімше жұмысын қаңтар айында бастауы тиіс. Мұнда емдік дене шынықтыру, жарық терапиясы және өзге де арнайы кабинеттер болады.

 

Мәдина Қаби