Қоғам

Аудан әкімдерінің журналистер алдындағы есептік кездесуі басталды

Өңірде аудан әкімдерінің журналистер алдындағы есептік кездесуі басталды. Алдымен тілшілерге Аққайың ауданының тізгінін ұстаған Рүстем Елубаев төбе көрсетті. Атқамінердің сөзінше, атқарылған шаруа шаш етектен. Мұндағы іскер жандар көл-көсір астық жиналмаған жылы сүт пен ет өндірісінде ерледі. Биыл ақтың көлемі 50 мың тоннаға жетпек. Ал келесі жылы 60 мыңға жақындап қалады. Баяндамасында спикер “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасын жүзеге асыру жайына да тоқталды.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Аққайың ауданының әкімі:

– 3 жоба жүзеге асырылмақ. Полтавка және Рублевка орта мектептері күрделі жөндеуден өтті. Қазір жүзеге асырылып жатқан жоба – Аралағаш ауылындағы мәдениет үйі.

Қаймағы бұзылмаған, талай талант түлеген ауылдағы жұмыс осы жылдың соңына дейін аяқталмақ. Аққайың ауданында бизнес бастаған жандардың саны артуда. Бұл тұрғыда мемлекеттік көмек дайын екенін ұмытпау керек.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Аққайың ауданының әкімі:

– “Бастау-Бизнес” бағдарламасы бойынша онлайн режимде 57 адам оқуға кірісті. Оқуды бітіргендердің ішінен 31 адам немесе 54,3% бизнес жобаны сәтті қорғады, 14 адам грант алды.

Дегенмен, ауданда кем-кетік тұстар көп емес. Аққайыңда өзге аудандар сияқты дәрігер тапшылығы байқалады.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Аққайың ауданының әкімі:

– Невропатолог, кардиолог, онколог және 2 жалпы тәжірибелік дәрігер керек. Мамандарды шақырамыз. Көтермеақы беріледі, үй беріледі.

Брифинг соңына таман журналистер әкімге бірнеше адам сұрақ қойды. Аққайыңдық дәрігерлер қазан айында толық жалақы алмапты. Бұдан аудан басшысы хабардар.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Аққайың ауданының әкімі:

– 29 млн теңге берешек бар. Мәселе туындады. Қарашаның соңына дейін ақша толығымен төленеді.

Аудан орталығының тұрғындары жылда жаз айларында су тапшылығын сезінеді. Бұл мәселе де шешілмек. Алайда, тиісті шаруа келер жылдың күзінде аяқталмақ. Яғни, аққайыңдық ағайынға әлі де күтуге тура келеді.

 

Байболат Култанов