Қоғам

Қаржыгерлер арасында викторина өтті

Бүгін төл теңгеміздің айналымға енгеніне – 30 жыл. Айтулы күннің аясында С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың қабырғасында викториналық сайыс ұйымдастырылды. Бірнеше банк қызметкерлері өзара күш сынасты. Сала мамандары тарихқа үңіліп, ұлттық валюта туралы білген-түйгендерімен бөлісті. Шараны ұйымдастырушы – қалалық жастар ресурстық орталығы.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Бүгін біз “Ұлттық валюта-өткені мен болашағы” атты деген квест-викторина өткізіп жатырмыз. Іс-шараның мақсаты – қаржы ұйымдарының жас мамандарын еліміздің валютасының тарихын қаншалықты білетінін бағамдау. Сайысқа арнайы 4 банктің өкілдерін шақырдық. Қазір білімдерін сынайды.

Әр топ 3 адамнан құрылған. Қатысушылардың назарына үлкен экранға ойынның кестесі ұсынылды. Қаржыгерлер ақша, тұлға, оқиға сөздеріне сәйкестендіріп 200-ден бастап 1000-ға дейінгі жұп сандарды таңдаулары керек. Ашылған сұраққа дұрыс жауап берсе, соншалықты ұпайды қоржындарына салып отырады. Қатысушылар алғашқы банкноттар қай елде басылды, теңгенің ежелгі атауы қандай деген сияқты сұрақтарға мүдірмей жауап берді. Ал 1993 жылдан бері теңге қанша есе арзандады немесе сол жылы 1 теңгенің құны қанша рубльді құрады деген сияқты сұрақтарға ойланыңқырап қалды.

ЕЛНҰРА КЕНБЕИЛОВА, банк өкілі:

– Бүгінгі шараға Банк центр кредиттен 3 адам келдік. Сайыста сұрақтарға дұрыс жауап беріп, жеңімпаз атанамыз деген ойдамыз. Мектептен бері тарих пәнін жақсы көремін. Сондықтан, осы мамандық иесі атандым.

Білек күші емес, білім күші сыналатын сайыстың жеңімпазы – Халық банкінің қаржыгерлері. 2-ші орынды Центр кредит, ал 3-ші орынды Отбасы банк қызметкерлері иеленді. Қатысушылардың барлығына дерлік грамота мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.