Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары рейдке шықты.
Аға инженер Саян Ахметжанов тұрғын үй инпекциясының өкілдерімен бірлесіп жатақханаларды аралап жүр. Өйткені, биыл қалада осындай екі баспанада өрт болған. Рейдтің мақсаты – тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру.
Бұл – Уәлиханов көшесіндегі 5 қабатты жатақхана. Мұнда барлығы – 150-ге жуық бөлме бар. Раиса Куксаның осында тұрып жатқанына 5 ай болыпты. Мамандар нәзікжандыға тұрмыста газ баллонын пайдалануға болмайтындығын айтты.
РАИСА КУКСА, қала тұрғыны:
– Бізде мысалы газ жоқ. Барлығымыз да электр жүйесін қолданамыз. Мұнда көп тұрып жатқаным жоқ, ауданнан боламын. Мен өзім газ қолданудан қорқамын.
Құтқарушылар осы жатақханадағы 20 бөлменің есігін қақты. Есігін ашқандар саусақпен санарлық. Түс кезі болғандықтан көбі жұмыста болуы керек. Мамандардың таңдаған уақыты осы.
САЯН АХМЕТЖАНОВ – қалалық ТЖБ аға инженері:
– Кейбіреулері газ баллондарын үйде балконға жасырып қояды. 2 қабаттан көп үйлерде газ баллонын қолдануға тыйым салынған. Сондай-ақ, ас үйде қолданып жатқан электр пешінің дұрыстығына көз жеткізіп алу керек.
Петропавлда мыңнан астам көпқабатты үй бар. Оның 60-ы орталықтандырылған газбен қамту жүйесіне қосылмаған. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің әдіскері Жанайдар Сұлтановтың айтуынша қалада 4 жатақхана бар.
ЖАНАЙДАР СҰЛТАНОВ – қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің әдіскері:
– Осы тұрғын үйдің иелеріне газ баллонын қолдануға болмайды, өйткені, бұл өте қауіпті болып табылады. Бізге өтініш келіп түскен жағдайда біз 7 АЕК көлемінде айыппұл саламыз. Сондай-ақ, бізге тексеріс ашу үшін фото, видеофиксация керек. Себебі, біз ары қарай тексеріс ашып, жұмысты жалғастырамыз.
Жыл басынан бері қалада 100-ден астам үйде өрт болған. Салдарынан 9 адам қаза тапқан, 3-еуі – бала.
Мадина Каби