Қоғам

“Теңге – тәуелсіздік келбеті” жылжымалы көрмесі ұйымдастырылды

Қарашаның 15-ші жұлдызы – Ұлттық валюта күні. Биыл теңге 30 жасқа толады. 1993 жылы айналымға енгізілген ұлттық кодымызға арналып Абылай хан резиденциясы музей кешенінің қабырғасында арнайы іс-шара өтті. Сондай-ақ, жиылған қауымға Ұлттық банк шығарған монеталар коллекциялары таныстырылмақ.

ДИАС МЭЛС, ҚР Ұлттық банкі СҚФ директоры:

– Осы көрмеде біздің банкноттар мен монеталар көрсетіледі. Көрме қала тұрғындары мен қонақтары, оқушылар мен студенттер өз тарихын білулері үшін арналған. Қазір көрмеде теңгеміздің 30 жыл бойы шығарылған монеталарды түрлері көрсетіледі. Тіпті, белгілері ғана емес шынайы түрі де көрсетіледі, ел назарына ұсынылады.

Бүгінгі жиынның мақсаты – қауымды теңге тарихымен тағы бір мәрте таныстыру. Шараға келген зейнеткер Зарап Құрманқұлов – осы саланың ардагері. Осыдан 30 жыл бұрын орын алған өзгеріс әлі көз алдымда дейді.

ЗАРАП ҚҰРМАНҚҰЛОВ, қаржы саласының ардагері:

– 93-ші жылдары Сергеевка қаласында Халық банкінің басқарушысы болғам. 22 жыл сонда қызмет етіп, демалысқа шықтым. Сол жылдар әлі есімде 15-ші қараша күні бірінші ақшаның ауысқан кезі. Сонда таңғы 8-ден банкке келсек, банк жабық, полициялар тұр. Білмегендіктен таңғалдық, бірақ шет-жағасын естіп жүрген болатынбыз. Сосын кассаны жауып, барлық ақшаны санап содан барлығы басталған болатын. Міне соған биыл 30 жыл толайын деп отыр.

“Теңге – тәуелсіздік келбеті” атты көрме көрермендерінің дені – оқушылар мен студенттер. Арасында жергілікті білім ордасының тарих мамандығы бойынша оқып жатқан Ерлан Бекен де бар. 3-ші курс студенті төл теңгеміздің коллекциясын жинайтынын айтып қалды.

ЕРЛАН БЕКЕН, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Мен былай деп айтатын едім, кез келген тәуелсіз мемлекеттің ұлттық валютасы болу керек. Өйткені, бізді халықаралық қауымдастық мойындаған, яғни бізді валютамыз арқылы танып біледі. Менде Қазақстанның 93 жылы басып шығарылған теңгелері бар. Ең алғашқы 1,3,5,10,20,50,100 теңге, яғни біздің әйгілі хандарымыз бен жырауларымыздың бейнесі суреттелгендері бар. Ондайларды музейлерге барған кезде көп көремін.

Жалпы, ұлттық валюта көрмесі жыл сайын ұйымдастырылады.