Мәдениет

“Гәргәрбектің гөй-гөйі” қойылды

Көңілді ән, заманауи рөлдегі әртістер мен қызықты оқиға. Бұның барлығы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының сахнасынан 6 жыл бойы түспей келе жатқан “Гәргәрбектің гөй-гөйі” қойылымында тоғысқан. Режиссері – Туфан Минуллин.

Қойылым осылай музыкалық оркестрдің сүйемелдеуімен әсем ән арқылы басталды. Ал әнге тербеніп жүрген бұл екі актердің бірі – бас кейіпкер Гәргәрбектің өзі болса, жанындағы жұбайы – Қарлығаш. Өздері – 3 бірдей қыздың ата-анасы. Алдыңғы екеуі тұрмысқа шыққан, дегенмен шаңырақтары берік бола алмапты. Осыған күйінген әке кенже қызына күйеуді өзі таңдауға бекінеді.

Гәргәрбек қазір белең алып тұрған ажырасу мәселесі бұрынғы заманда болмаған, жас буын тым еркінсіп кеткен деуден шаршамайды. Сондықтан, кенже қызы Үрпияны салт-дәстүрді берік ұстанған отбасының келіні қылуға асығады. Сұлу қызының есігін торып, қырындағандарды бір-бірлеп сынап көреді. Комедиялық туынды бір жағынан күлкілі сәттерімен халықтың езуіне күлкі ұялатса, екінші жағынан қоғамдағы дертті астарлап жеткізді деуге болады.

ТҰРАҚ ДҰРЫСБЕКОВ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– Осы комедия арқылы бұрынғы ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрді көрсеткісі келдік. Негізі, Гәргәрбектің өзі де салт-дәстүрді онша біле қоймайды. Дегенмен, ескі дәстүр арқылы қызын ұзатпақшы. Өйткені, 2 қызын беріп күйінді ғой. Бұрынғы құндылықтарды қолданып қызын бақытты қылмақшы.

Әзілге толы жарқын спектакль көрерменге тамаша көңіл-күй сыйлады деп нық айтуға болады. Айта кетейік, аталмыш қойылым бүгін кезекті рет қайталанып қойылады.