Мемлекеттік кеңесші, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының төрағасы Ерлан Қарин ЮНЕСКО-ның Парижде өтіп жатқан 42-ші Бас конференциясының жалпысаяси дебаттарында сөз сөйледі. Ерлан Қарин Қазақстанның ЮНЕСКО-мен жан-жақты әріптестікті дамытуға баса мән беретінін атап өтті. Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың мақсаты – білім, ғылым және мәдениетті өркендету арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, – деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесші елімізде мәдени және табиғи мұраларды қорғауға қатысты нақты жобаларды іске асыру, білім беру саласын, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдарды, коммуникация және бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту үшін ЮНЕСКО-ның дәйекті түрде қолдау көрсетуі маңызды екеніне тоқталды.
Ерлан Қарин сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның ЮНЕСКО-мен арадағы тиімді екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайтуға дайын екенін жеткізді.