МТРА жаңалықтары

Бизнесті дамыту – басым бағыт

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында шағын және ірі бизнестің тұрақты дами бастағанын атап өткен болатын. Қазіргі кезде кәсіп ашамын деген жанға мүмкіндік те бар, мемлекет тарапынан қолдау да көрсетіледі. Орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең деді Мемлекет басшысы. Оның дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені, оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы». Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек. Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіріп, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керек деді. “Даму” қоры шағын, орта және ірі бизнеске қолдау көрсетеді. Жергілікті филиалдың бас менеджері Әсел Сыздықованың айтуынша, қорға жүгінетіндердің басым бөлігі – шағын кәсіпкерлер. Облыста аталған қаржы ұйымы арқылы мемлекеттік бағдарламалар аясында барлығы – 6 мыңға жуық жобаға 378 млрд теңгенің қолдауы көрсетілген.

ӘСЕЛ СЫЗДЫҚОВА, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚО бойынша филиалының бас менеджері:

– Кәсіпкерлерге қолдау 4 бағытта көрсетіледі. Олар: субсидиялау, екінші деңгейлі банктер кәсіпкерге 20% коммерциялық мөлшерлемемен несие береді. «Даму» қоры бұл мөлшерлемені 7-8 пайызға дейін төмендетеді. Келесі қолдау тәсілі – кепілдік. Өндіріс саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қолдаудың үшінші құралы – «Даму Өндіріс» бағдарламасы. Бағдарлама бойынша кәсіпкер үшін мөлшерлеме 6 пайызды құрайды. Қолдау көрсетудің тағы бір жолы – барлығына қолжетімді, тегін онлайн кәсіпкерлікті оқыту курсы.

Жыл басынан бері облыста субсидиялау бойынша 29 млрд теңгеге 245 жоба жүзеге асырылған. Ал кепілдік беру аясында 180 жобаға қатысты 8 млрд теңге несие рәсімделген.

 

Гульден Симбаева